ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 27 сәуірдегі мәлімдемесіне қатысты Сенат депутаты Әлімжан Құртаев өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздегі ахуалға байланысты төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның шешімін негізге ала отырып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантин мерзімін биылғы 11 мамырына дейін созды. Айтулы індет әлем елдері мен қоса, Қазақстанды да дүрбелеңге салғалы біраз уақыт болды. Коронавируспен күрес 2 жолмен жүріп келе жатыр. Оның алғашқысы – Қытай бастаған біраз мемлекеттер өз елдерінде карантин жариялап, жүріс-тұрысқа тыйым салып, вирустың таралуына жол бермеуде. Екіншісі – ол Бразилия, Иран, Беларусь сияқты елдер бірінші кезекте экономиканы сақтаймыз деп, карантин жарияламай басқа жолмен жүруде. Әрине барлығына уақыт төреші», - деді Ә.Құртаев.
Сенатор Мемлекет басшысының ел қауіпсіздігі үшін төтенше жағдай режимін созу туралы шешімін қолдайтынын алға тартты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің амандығы, халықтың денсаулығы бәрінен жоғары деп елде карантин жариялады. Өте дұрыс шешім дегім келеді. Карантин жарияланғалы 45 күн болыпты, әрине осыншама уақыт бойы үйден шықпай отыру оңай емес. Дегенмен, мемлекет тарапынан халыққа көмек, қолдаулар көрсетіліп жатыр. Оның ішінде тұрмысы төмен және табысын жоғалтқан отбасыларға қаржылай әрі азық-түліктей көмек берілуде. Үкімет тарапынан бөлінген 42 500 теңге әлеуметтік қолдау ақысын 4 млн-нан астам адам алса, одан бөлек 1 млн-нан астам адам азық-түліктей жәрдем алды. Сонымен қатар, 1 млн 600 мың адамға тұрғын үй шаруашылық шығындарын өтеу көмегі көрсетілді. Ел экономикасының негізгі діңгегі бизнес, сол себепті ірі, орта және шағын бизнесті қолдауға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 триллион теңге теңгеге жуық қаржы бөлініп отырғанын айтты. Үкіметке осы бөлініп отырған қаржыны тиімді пайдалану жолдарын қарауды тапсырды», - деді ол.
Сондай-ақ, Сенат депутаты төтенше жағдайдан кейінгі ел экономикасының дамуына алаңдаушылық танытатынын білдірді.
«Ел Президенті баса назар аударған тағы бір дүние – ол карантиннен кейінгі өмір. Осыған орай экономиканың барлық саласына көмек, қолдау қажет. Себебі карантиннің салдарынан экономика салалары құлдырап жатыр. Алдымен ол ауыл шаруашылығы саласына ауқымды көмек керек. Одан кейін экономикамыздың драйвері саналатын құрылыс саласы. Қ.Тоқаев 27 сәуір күнгі мәлімдемесінде Үкімет пен Ұлттық банкке 11 мамырға дейін экономиканы одан әрі дамытудың жоспарын құру тапсырмасын берді. Мемлекет басшысының елімізде дер кезінде төтенше жағдай жариялап, тиісті шараларды уақытылы қабылдануының нәтижесінде, Үкімет жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Біз, Сенат депутаттары өз кезегімізде нақты ұсыныстарымызды әзірлеп жатырмыз. Дегенмен, шығын жоқ емес бар, осы індеттің салдарынан көз жұмған азаматтарымыз да бар. Олардың жақындарының қайғысына ортақпыз. Ал ауырып жатқан жандардың тез сауығып шығуын тілейміз», - деді сенатор.
Еске сала кетейік, 27 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасап, елімізде төтенше жағдай режимінің 11 мамырға дейін созылатынын айтқан болатын.