Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов Мемлекет басшысы қол қойған «Ардагерлер туралы» Заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маңызды заң қабылданды деп ойлаймын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық қеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовты қабылдаған кезде, ардагерлер туралы заңды қабылдауды жылдамдату мәселесіне назар аударды. Бұған дейін осындай жүйелі құжат бізде болмаған. Бізде ардагерлердің әлеуметтік жағынан қорғалуына үнемі назар аударылып келді, алайда ардагерлер туралы бірыңғай заң болмаған еді. Бұл өз кезегінде еліміздің ардагерлері туралы жүйеленген, кешенді жеке заң», - деді Б. Жұмағұлов.
Депутаттың пайымынша, өзге заңдардағы ардагерлерді қолдау қадамдары осы құжатта сақталуы өте маңызды.
«Ең бастысы, мемлекет ардагерлерді әлеуметтік қолдау кепілдігіне екпін қойып отыр. Бұл өз кезегінде саяси әрі әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды. Сондықтан заңның Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қабылдануы символдық мәнге ие деп санаймын», - деді сенатор.
«Біздің әкелеріміз соғыстың қиындықтарын бастан өткерді. Ел Президенті осыған дейін соғыста болған әкесі жайында естеліктер айтқан болатын. Бұл соғыстың қиындықтарын әрбір отбасы сезінді. Атап айтқанда, «Ардагерлер туралы» Заңның Жеңіс күні қарсаңында қабылдануы баршамызды қуантты», - деді Б. Жұмағұлов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 30 сәуір күні Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» Заң қабылданды.
Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру.
Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Оны әзірлеу қажеттілігі бірқатар заңнамалық актілерді «Ардагерлер туралы» заң жобасына сәйкес келтірумен байланысты. Негізгі жаңа өзгерістер әлеуметтік төлемдерге қатысты болып отыр.