29 шіл, 2019 сағат 17:23

Семейлік жас шахматшы Ресейде сенсация жасады

Семейлік 16 жасар шахматшы Арыстан Исанжолов Бүкілресейлік шахмат жарысында рапид кезеңі бойынша алтын медаль алды, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.

Қазақстан атынан сынға түскен жалғыз үміткер Арыстан Исанжолов турнирдің ең жас қатысушысы бола отырып, 122 шахматшының ішінде үздік атанған. Жарысқа қатысушылар арасында тәжірибелі гроссмейстерлер де болған.

«Турнир бастан-аяқ тартысты өтті. Өте мықты қарсыластар кездесті. Жарыс барысында 41 орыннан 1-орынға шықтым», – дейді Арыстанның өзі.

11 турдан кейін 2124 рейтинг ұпайын жинаған Арыстан Исанжолов соңғы кезеңде 2618 рейтингтік ұпайы бар Семен Ханинді жеңген.

«Ол сондай-ақ, гроссмейстер Алексей Придорожныйды жеңіп, 37 жастағы фаворит, 2683 рейтингтік ұпайы бар Дмитрий Кокаревпен тең түсті. Әрине, Арыстан – талантты шахматшы. Бөтен жерде мұндай жеңіске жетуін сенсация деп атауға болады», - дейді Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Әнуар Исмағамбетов.

Турнирдің «күмісі» пензалық Дмитрий Кокаревке бұйырса, Қорған қаласынан келген Андрей Дрыгалов жарыстың қола жүлдегері атанған.