Семейде Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған көптеген алаш қайраткерлерінің тұрғаны, еңбек еткені баршаға мәлім. Семейдің Алашорда автономиялы үкіметінің астанасы болғаны, қаланың сол жағалауы 10 жыл бойы, нақтырақ айтсақ, 1917 жылдың наурызынан 1927 жылдың қыркүйегіне дейін ресми түрде Алаш қаласы атанғаны белгілі.
Бұл шаһарда алаш қайраткерлерінің аялы алақандарының табы, қолтаңбалары қалған тарихи орындар аз емес. Өкінішке қарай, қаладағы алаш арыстары тұрған, жұмыс істеген, кездесу өткізген, келіп-кетіп жүрген ғимараттардың көпшілігі бүгінде сақталмаған. Сақталғандары да бар. Біз ғасырлық мерейтой қарсаңында Семейге арнайы барып, мұндағы алаш қайраткерлеріне қатысты сақталғаны бар, сақталмағаны бар ғимараттардың бірнешеуін аралап, бүгінгі жай-күйімен танысып қайтқан едік. Рет-ретімен баяндайық.
Бөкейханов болған үйде бірде-бір белгі жоқ
Семейдегі Алаш қозғалысына, Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановқа тікелей қатысты ғимараттың бірі әрі бірегейі – әуелде губернатор үйі, кейін, ХХ ғасыр басындағы төңкеріс жылдары «Бостандық үйі» деп аталған, бүгінде облыстық тарихи өлкетану мұражайы орналасқан ғимарат.
1917 жылдың күзінде Томск қаласында өткен Сібір автономистерінің съезіне қатысып қайтқан Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермековті Семей жұртшылығының құшақ жая қарсы алатын жері – дәл осы үй.
Бұл тарихи оқиғаны Сұлтанмахмұт Торайғыров «Сарыарқа» газетіндегі «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласында: «Кешке жақын Семейде, 21 октябрьде, бұрынғы жандарал мекемесі, «Бостандық» үйіне қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. Семинаристер бір рет, гимназистер бір рет, курсистер, мұғалімдер бір рет, саудагерлер, қырдан келгендер де бар. «Сегіздегі бала, сексендегі шал да қалмай» дегендей, тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұруші еді. Бір-біріне жолыққанда, қуаныштан аман-сәлемді де ұмытып сөздері: «Поезд қашан келеді деу ғана еді. …Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес, ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген, ерін тосып жиылған қазақтар еді. Ол ері кім еді? Ол ері: елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет еткен, болса да қалың тұман, жарқылдаған түймеге алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді», деп майын тамыза жазғаны белгілі.
1917 жылдың сәуір айында бұл ғимаратта Семей қазақтарының тұңғыш облыстық съезі өтіп, алқалы жиында қазақ автономиясы туралы мәселе алғаш рет көтеріліп, ұлттық мемлекетімізді құру жөнінде шешім қабылданады. Осы жиынға Шәкәрім Құдайбердіұлы да қатысып, съезд делегаттарын құттықтап, сөз сөйлейді.
1917-1918-жылдары осы ғимаратта Семей облыстық Земство басқармасы орналасады. Басқармаға Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков алма-кезек басшылық етеді. 1918 жылдың басында өткен Семей облыстық земствосының бірінші төтенше жиынында қазақ сотының құрамын сайлау мәселесі қаралып, онда облыстық соттың төрағасы Мұқыш Боштаев, ал оның орынбасары Иманбек Тарабаев, мүшелері Шәкәрім Құдайбердиев пен Смақан Бөкейханов болып сайланады.
Өкінішке қарай, осындай тарихи кездесулер мен тарихи оқиғалар орын алған, ұлт мүддесіне қатысты тағдырлы шешімдер қабылданған ғимаратта әлі күнге дейін «бұл жерде Әлихан Бөкейханов болған, кездесу өткізген» дейтіндей бірде-бір белгі жоқ. Керісінше ғимаратқа кіреберісте «Ленин 5» деген жазуға көзіңіз түседі. Өйткені, бұл үй Ленин көшесінің бойында орналасқан. Абай, Міржақып Дулатов көшелерімен қиылысатын бұл көшеге Әлихан Бөкейхановтың есімін беру жөніндегі ұсыныстар көптен бері айтылып келе жатқанымен әлі күнге шешімін таппай келеді.
Бүгінде осы тарихи ғимаратқа иелік етіп отырған Семей облыстық тарихи өлкетану мұражайының директоры Ләззат Әлжан бұл нысан назардан тыс қалып келе жатқанын тілге тиек етіп, ғимаратқа ерекше мәртебе берілсе деген тілегін айтты.
Қазы қаза тапқан жер қараусыз тұр
Шаһардағы алаш қайраткерлерінің табаны тиген тағы бір тарихи ғимараттардың бірі – бүгінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына қарасты «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражай-үйі орналасқан ғимарат. Бұл үйді Әнияр Молдабаевтың қаладағы бір көпестен сатып алғаны, үйді сатып алуға Абай мен оның балаларының көмектескені белгілі. Ұлы ақын Семейге келгенде осы үйге түсетін болған. Екі қабатты бұл ғимаратта 1921-1922 жылдары Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов отбасыларымен бірге тұрған.
Гүлнәр Міржақыпқызының «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты естелік кітабында: «…Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді», деп жазатыны осы ғимарат.
Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов те жас кезінде осы үйде тұрған деген деректер де бар.
Қазіргі уақытта Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына орай тарихи ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Абай мұражайының директоры Болат Жүнісбеков ғимараттың 20 жыл бойы бос жатқан бірінші қабатына былтыр ағымдағы жөндеу жүргізілгенін, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бұл жерді ХІХ ғасырға сай безендіріп, сол заман жабдықтары мен үй алдына Жидебайдағы Абай пәуескесінің көшірмесін қоюды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Қаладағы ескерусіз, елеусіз қалып келе жатқан тағы бір тарихи орындардың бірі – Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхамбетұлы қаза тапқан жер. Бүгінде бұл жерде «Жеңіс» гүлзары орын тепкен. Қарама қарсы бетте «Семей» қонақүйі тұр. Ертеректе мұнда үлкен ашық алаң болғаны, осы алаңның бір шетінде Азамат соғысы және Ұлы Отан соғысы жылдары жауынгерлер даярлайтын арнайы жаттығу орны, ал бүгінгі қонақүй орнында атты әскерлердің казармасы тұрғаны туралы айтылады. Бұл қанды оқиға «Алаш қаласында болды» деген пікірлер де бар, алайда, біз алаш тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың еңбектерінде көрсетілген дәйектерге сүйенгенді жөн көрдік.
«…Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ! Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек. Оқығандар, жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. … Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне ғана көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде ұлт үшін құрбан болатын мұндай азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім, бүгін өлсем де арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан, қадіріңді біліп, құрметтей алмасақ, кешу қыл» деп қабырғасы қайыса отырып аза тұтқан еді Шәкәрім қажы осыдан бір ғасыр уақыт бұрын Семейде өткен қаралы митингте. Алайда, біз «ұлты үшін туып, ұлты үшін өлген» (Ж.Аймауытов) арда азаматты ұмытқан секілдіміз. Ғұлама ақын айтқандай, қадірін біліп, құрметтей алмай жүрген сияқтымыз. Семейде бірде-бір ескерткішінің, ескерткіш-тақтаның, көше атауының болмауы – сөзімізге дәлел. Былтыр осындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде Қазы Нұрмұхамбетұлы атындағы кабинет ашылды деген ақжолтай жаңалықты естігенбіз. Әзірге жұбаныш етеріміз осы ғана.
Көңілден өшпеген нысандар
Алашорда үкіметінің кеңселері кезінде Семейдің атақты бай-саудагерлері болған Қаражан Үкібаев пен Әбдірахман Жүсіповтің үйлерінде орналасқаны туралы тарихи деректерде айтылады. Мәселен, Семей уездік Земство басқармасының кеңсесі Қаражан Үкібаевтың, Алашорда үкіметінің бас кеңсесі мен «Сарыарқа» газетінің редакциясы, «Жәрдем» баспаханасы Әбдірахман байдың он бөлмелі үйінде қоныс теуіп, онда Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Имам Әлімбеков, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шынжы Керейбаевтың жұмыс істегені архив құжаттарымен айғақталып отыр.
Алаш қаласының тарихын зерттеген ғалым Ерлан Сыдықов Қаражан Үкібаевтың үйі бұрынғы Свободная, қазіргі Өтепбаев көшесі 50 мекенжайында орналасқанын, бұл ғимарат 1970 жылдардың соңына қарай бұзылып тасталғанға дейін мүгедек балалардың интернаты ретінде пайдаланылғанын, ал Әбдірахман байдың үйі кейіннен «Қазақстан» қонақүйі деп аталып, мұнда Семей губерниялық атқару комитетінде әр жылдары басшылық қызметте болған Смағұл Сәдуақасов, Әбілқайыр Досов, Рахым Уәлиахметов сынды алаш арыстары уақытша тұрып қызмет еткенін, бұл нысанның да 1980-жылдардың басында сүріліп тастағанын жазады «Алаш қаласының тарихы» атты еңбегінде. Бұл ғимараттар қаланың сол жағалауындағы «Океан» сауда кешені аумағындағы Мұхтар Әуезов ескерткіші маңында орналасқан делінеді.
Тарихи деректерде көп айтылатын қос ғимаратты көзбен көрмесек те, саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған тұлғалардың табаны тиген сол маңға біз де барып қайттық. Дәл осы тұста «Океан» базарының артындағы бүгінгі Жаңасемей көшесі 30 мекенжайындағы «Шығыснерготрейд» мекемесінің Абай аймақтық филиалы орын тепкен ғимаратта 1918 жылы алаштың атты әскер полкінің әскери штабы мен әскери госпиталі орналасты деген деректер бар. Екі қабатты ғимарат сол кездегі Семейдегі Александр Ерыкалов деген атақты бай-көпестің үйі болған екен. Шаһардағы алаш қайраткерлеріне қатысты нысандарды бізбен бірге аралаған журналист, тарихшы Мұратбек Кенемолдин «әскери госпиталь осы болуы мүмкін» деп қорғанның ішіндегі екі қабатты ескі ғимаратты көрсетті. Әбден ескірген, ақжемденген кірпіштеріне қарап бұл жерде көне ғимараттардың орналасқандығын аңғарғандай болдық. Алайда, біз сөз еткен бүгінде жер бетінен өшкен әуелгі екі ғимарат пен соңғы нысанның бірде-бірінде бұл орындардың алаш қайраткерлеріне қатысты екендігін айғақтайтын ешқандай белгі жоқ.
Түйін
Жалпы, Семейдегі Алаш қозғалысына қатысты ғимараттар мен тарихи орындарды бір мақалада түгендеп шығу мүмкін емес. Сондықтан оқырманға алдағы уақытта бұл тақырыпқа тағы да оралатынымызды ескертеміз.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы
Суретте Алаш қаласының көрінісі