«Scat» авиакомпаниясының «Нұр-Сұлтан – Атырау» бағытындағы ұшағынан ақау шықты. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шәлекенов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайында «Scat» авиакомпаниясының «Нұр-Сұлтан – Атырау» бағытындағы 765-ші рейсі кешігуде. Кесте бойынша сағат 13.55-те ұшып шығуы тиіс болатын. Алдымен сағат 18.00, кейін 19.30-ға дейін шегерілді. Енді түнгі сағат 00.00-ге дейін кешігетіні хабарланады. Ұшақтың кешігу себебі – әуе кемесінің ақауы», - деді Әнуар Шәлекенов.
Сондай-ақ мәлім етілгендей, «Scat» әуе компаниясының «Нұр-Сұлтан – Ақтөбе» бағытындағы тағы бір рейсі ұшып шығу кестесінен ауытқыған. «Себеп – әуе кемесінің кешігіп келуі», - деп нақтылады Ә.Шәлекенов.
«Жолаушылардан түсіністікпен қарауды сұраймыз. Себебі жолаушылардың қауіпсіздігі маңызды. Рейстердің ұшып шығуы бойынша барлық сұрақтарды «Scat» авиакомпаниясына және осы мекеменің Call-орталығына жолдауды өтінеміз», - деп қосты ол.