19 сәу, 2019 сағат 09:37

"Сайлауға түсіңіз, Имеке!.."

Осы жұрт Құдекеңді біле ме екен?.. «Құдекең» деп отырғанымыз кәдімгі Құдай. Дегенмен, бұл сұраққа әңгіменің соңында оралармыз, әзірге ең күйіп тұрған мәселені – алдағы сайлау жайын аз-кем сөз етіп, екі өтініш айтсақ дейміз.

Әрине, бұл сайлауға Д.Назарбаева түсіп, тезірек таққа отыра ма, жоқ әлде Қ-Ж.Тоқаевқа бір-екі жыл салтанат құруға мүмкіндік беріле  ме, болжам жасау қиын, ол жағын өз «сценарийі бойынша» қимылдап жатқан жоғары билік біледі. Егер билік И.Тасмағамбетовті бәйгеге қосса, ең оптималды шешім сол болар еді (өйткені, оның жеңіп шығары сөзсіз), сонда ел де Елбасыға риза, Имекең де өзі билікте отырған кезде Ельциннің Путині секілді ұстазының зейнеткер ретінде мұңсыз-қамсыз демалуын қамтамасыз етер еді, бірақ, мәселе Тұңғыш Президенттің билікті өз отбасының уысынан шығарғысы келмейтіндігінде, Дариғаның екінші лауазымды иеленіп, енді соңғы секіріске дайындалып жатқаны да соның қамы екендігінде болып тұр ғой...

Осы тұста И.Тасмағамбетовке «сайлауға түссеңізші» деп өтініп жасап жатқан жұрт көп. «Ой, ол – «продукт» қой, жалпы, коммунистердің ешқайсысына сенуге болмайды» деп жатқандар да аз емес. Ағайындар-ау, нақты өмірге шынайы қарап, әділдігін айтайық та - қай әкім Атыраудағы шетелдік, Алматыдағы отандық, бір ернімен көк тіреп, бір ернімен жер тіреген компанияларды ауыздықтай алды? Қай әкім «күндіз отырмайтын, түнде ұйықтамайтын» теңдессіз іскерліктің үлгісі бола алды? Қай әкім астана Нұр-Сұлтанды қазақыландыра алды? (Кәзір ол бұрынғы орыстанған таз қалпына қайта түсті...) Көре алмайтындар түк таппағанда «оның қазақ тілін білетіндігінен басқа артықшылығы жоқ» дейді. Ендеше біз де айтайық – бала күннен қазақтың ертегі-аңызын оқып, батырлар жырын жаттап, қазақы тәрбие мен рухты жадына құйып, санасына түйіп өспеген адам қазақтың жанын түсіне алмайды! «Түсінем!» десе алдағаны, сенбеңіздер! Қазақтың жанын түсінбеген адам оның мұңын-зарын ұғына алмайды, жеме-жемге келгенде жанашырлық көрсе алмайды. Ал, Иманғалидың қазақтың рухын көтеру жолында істеген еңбегі аз ба?  

Ертең саяси тұрақсыздық орын алса, әзірге байлығы өзіне сор болып жабысқан Қазақстан үшін қып-қызыл дода басталады. Рас, «...сол кезде ел қорғаған ер Абылай, жауының бірін алдап, бірін арбап» дегендей, бірінші Президентіміз Қазақ Советтік Социалистік Республикасынан мұраға қалған жердің біразын құрбандыққа шалса да, елді осы күнге аман-есен жеткізді. Бірақ, бұл саясатты бұдан әрмен қарай жалғастыра беруге болмайтыны – қазақ мұнайының 40 пайызын иеленіп үлгерген, енді ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп ошақтарын иемдене бастаған қытайдың экономикалық экспансиясын тоқтатпаса, тоқтатудың өзі аз, ықпалын ең төменгі минимумға түсірмесе, жалпы, барлық шетелдік компаниялармен арадағы келісім-шарттарды қайта қарамаса болмайтыны бүгін айдан анық көрініп тұр. Ел тағдыры шешілер бұндай кезде мемлекеттің басына білімді ғана емес тәжірибелі, ақылды ғана азулы, ойлы ғана емес шешен адам келуі ауадай қажет! Майыспайтын, майысса да сынбайтын қайсар мінез, тығырықтан жол табарлық қабылет қажет! Бұл қасиеттің бәрі – басқа азаматтар ренжімесін, ренжісе өздері біледі – тек Иманғали Тасмағамбетовтің бойында бар екенін, бүгінгі таңда оның президенттікке үміткер өзгелерден оқ бойы озық тұрғанын бәріміз мойындауға тиіспіз. Ең бірінші билікте жүрген бәсекелес, бақталас өз бауырларымыз мойындауы тиіс. Олардың ешқайсысы да ертең қазақтың басын біріктіріп ұстап қала алмайды. Ұстап қалмайын демейді, ердің ереніне ғана тән қайрат, еменнің шоры ғана шыдар қаттылық бойынан табылмай қалады! Қ-Ж.Тоқаевтың білгір маман екеніне ешкімнің күмәні болмас, бірақ, ол Иманғалидай от пен суға түсіп шыңдалмаған, «дауға түсіп сыналмаған, жауға шауып бұланбаған» адам. Имекеңді қайда салмады Ұстазы!.. Шетелдік банктегі құпия ақша белгілі болып, «ол біздің мемлекеттің болашақта керек болар деп сақтап отырған қаржысы еді» деп парламент депутаттарының алдында ақталып, түсінік берген де Имекең. Сол отырысқа қатысқан депутаттардың бәрінің әкелері жаңа өлгендей түнеріп отырған келбеті әлі күнге дейін менің көз алдымда... Ол ол ма, жерді сатуды заңдастыратын Жер туралы Кодексті парламенттен өткізіп алу үшін де Тасмағамбетовтей премьер керек болды жоғарғы билікке. Парламент жауапкершілікті мойнына алғысы, тіпті, бөліскісі келгенде де табандылық көрсетіп тұрып алар еді. Жоқ, заң жобасын екінші рет қабылдамаса үкімет пен қоса өздері де таратылатын болған соң тайқып шыға келді. Тіпті, «Жер сатылмасын!» деп үндеу жариялаған,  марқұм Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова бастаған 15 депутат кейін «сатылсын» қол көтерген жоқ па? Кодекс қабылданған күннің ертесіне «осы аабыройсыз болғаным жетер» деген Имекең «бұл қызметтен босатыңыз» ддеп арыз берді. Осыған өресі жетпеген кейбіреулер «Жер туралы Кодексті қабылдаттырған Тасмағамбетов!» дейтінін қайтерсің...

Сондықтан біз қалың елдің атынан жеңіске жетер бірегей тұлғаны ұсынғымыз келсе, халыққа, ұлтқа жанымыз ашитыны рас болса, оны сөз емес іс жүзінде көрсетіп, «басы қосылмайтын ақсақалдарға» жататын қос Мұхтар бастап, Жасарал Қуанышәлі, Қасен Қожа-Ахмет, Әміржан Қосанов, т.б. қостап, бәріміз түгел Иманғали Тасмағамбетовтің айналасына топтасуымыз керек. Топтасып, «Иманғали, елің үшін қоғамдық бірлестік атынан майданға түс»! деуіміз керек. Мейлі, ол біреуіміздің «ата жауымыз» саналса да. Вольтер: «Менің сізді атарға оғым жоқ, бірақ, сіз өз пікіріңізді парламентте айта алу үшін жанымды беруге даярмын!» деген екен. Ал, бізде бәске парламентте сөйлеу емес, Президентті сайлау тігіліп тұр ғой!  Бұл – бірінші өтініш.

«Біз топтасуға дайынбыз, ал, сіз мақтап отырған Имекеңіз түсуге дайын ба екен?» деген сұрақ сақпанның оғындай сарт етіп қалары сөзсіз. Сондықтан, келесі өтінішіміз Имекеңнің өзіне. Алдымен, рұқсат болса, кішкентай шегініс. Ұмытпасам, 2011 жылдың 23-24 желтоқсаны. «Руханият» партиясындамыз. Күніге штабта, «Жалын» журналының редакциясында бір рет бас қосамыз. Түс кезінде штабқа бара жатып, кеше партия жетекшісі М.Шахановтың сайлауалды үгіт жұмысымен Жамбыл, Шымкентке кеткенін естідім. Дереу телефон соқтым: «Мұха, қайдасыз?» «Түркістандамын. Университетте оқытушылармен, студенттермен кездесу болды. Тамаша өтті. Кәзір түскі аста отырмыз». «Ойбай-ау, Мұха, қайдағы Түркістан? Қайдағы сайлау? Жаңаөзенге неге кетпей жатсыз?!» «Оған енді мына жақтағы жұмыстар бітсін, сосын барамын ғой...» «Мұха, 70 жыл бойы жиған абыройыңыздан 7 күнде айрылайын деп пе едіңіз? Бүкіл батыс күтіп отыр, бүкіл Қазақстан көз тігіп отыр ғой сізге бара ма, бармай ма деп? Тастаңыз бәрін, шығыңыз кәзір Алматыға!» «Оған енді билет табыла қояр дейсің  бе?..» «Мұха, ертең түскі ұшаққа маған Қажымұхан Ғабдолла электронды билет алып қойған. Мен қаламын, орныма сіз кетіңіз!» (Ертесіне бірнеше адам Ақтауға ұштық). Имеке, мен бұны мақтаныш үшін айтып отырмағаным түсінікті шығар. Дәл сол күнгідей сізге де БАҚ арқылы айтқым келеді (телефон соғар едім, нөміріңіз жоқ менде): «Сайлауға түсу үшін билікпен ат құйрығын үзісуіңізге тура келеді. Бірақ, басқа саясаткер-қайраткерлермен қатар сіз үшін де бүгін – сын сағаты! Сізді тіркемеуге биліктің батылы бармайды. Рас, жарты пайызбен болсын ұтылып қалуыңыз да мүмкін. Бізде бәрі мүмкін ғой... Бірақ, биліктен кеткенмен болашаққа саяси капитал жинайсыз, халықтың «Тасмағамбетовке сенуге болады екен!» деген сеніміне ие боласыз. Бүгінгі жеңіліс (егер жеңілсеңіз) - ертеңгі күннің жеңісі!

Жоғарыда Құдай туралы айтамыз деп едік. ...1988 жылы Бүкілодақтық партконференцияда коммунистік элита мінберде тұрған Б.Ельцинге кешірім сұраған сөзін де айтқызбай, адам орнына санамай, шулап, аяқтарымен еденді тепкілеп, қалай қуып шыққаны әлі күнге көз алдымда. «Ельцин – саяси өлік» деді елдің бәрі. Бір жыл өткенде Казанник деген омбылық прокурор орынын ұсынып, депутат Б.Ельцин Жоғарғы Кеңеске сайланды. Тағы екі жылдан соң Ресей президенті Б.Ельцин компартияны заңсыз деп тапты. Ақырында М.Горбачев бір түнде елі жоқ патшаға айналды...

Ельцин басын бәйгеге тікпесе Горбачевқа қарсы шығар ма еді?  Құдай оның сол ісін қош көрді – билікке келді. Мұхаммед (с.ә.с.) пайғамбар: «Адам істің дұрысын істесін-дағы, қалғанын Аллаға тапсырсын» деген. Қай уақытта айтқан? Арттарынан жаулары қуып жетіп қалғанда Әбубәкір екеуі таудың жартасынан бұрылады, бұрылған жерде оның бүйіріндегі үңгірді көреді. «Кіреміз!» дейді пайғамбар (с.ә.с.) «Онда өзімді-өзі ұстап береміз ғой?» дейді досы. «Басқа жол жоқ, олар бәрібір жетіп қалды, Алланың басқа салғанын көреміз» дейді Расулолла. Қуғыншылар бұрылған кезде ешкімді таппай қалады. Жартастың бүйірінде үңгір тұр. Аузын шаң басқан, құрақұрттардың торы, кем дегенде жүз жыл адам баласы жоламағаны көрініп тұр... «Сиқыры бар деуші еді, екеуі сол сиқырдың күшімен ғайып болып кеткен ғой» деген қуғыншылар кейін қайтады...

Біз көп жағдайда Құдай бар екенін, түптеп келгенде бәрін сол шешетінін ұмытып кете береміз. Дәл осы екі айда Имеке, сіз де, саясаткерлер, сіздер де дұрыс істі істегеннен - біріңіз сайлауға түсіп, қалғандарыңыз соны қолдағаннан -  сөйтіп, бұл дұрыс істің қалғанын Аллаға тапсырғаннан асқан маңызды, одан асқан абзал да игілікті ешнәрсе жоқ шығар!.. Сонда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алған сіздерді Халық та қолдайды, «мен көптің тілегін қайтаруға ұяламын» деген Алла-Тағала да  берекесін берер...

Өмірзақ Ақжігіт