19 нау, 2022 сағат 14:29

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жинақтар дайын – Арайлым Мұсағалиева



1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жарлығымен 31 мамыр саяси қуған-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Одан бері де тұлғаларды ақтау жұмысы тоқтаған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашадағы нөмірі 456 Жарлығымен саяси қуған-сүргін құрбандарын ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құру туралы айрықша бастама көтерді. Мемлекеттік комиссияның қызметін қамтамасыз ету үшін арнайы жобалық офис құрылған, –  деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Оның құрамында ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік орган өкілдері де бар. 11 жұмыс тобы құрылып, әр топ қуғын-сүргін құрбандарының санатына сәйкес тақырыптық жоспарлар мен белгілі бір әдістемелер аясында өз қызметін жүзеге асыруда. Сондай-ақ комиссия алдына тарихи тұлғаларға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша жабық мұрағаттардағы саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдарды зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз бойынша һәм еліміздің Тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша ұсыныстар әзірлеу сияқты бірқатар маңызды міндеттер қойылып отыр.

Тарих ғылымының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Арайлым Мұсағалиеваның айтуынша, бұған дейін құзырлы органдардың архиві жабық болған. Бұл зерттеушілерге айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз.


«Негізі бұл тақырыппен біз бұрынан айналысып келеміз. Бірақ өзгешелігін айтып өтейін. Мысалы,  1993 жылғы 14 сәуірдегі Заң бойынша негізінен ақталғандар 58 бап бойынша сотталған адамдар. Ал бізде көпшілігі 59 бап бойынша көтеріліске қатысқан адамдар, немесе Қылмыстық кодекстің 107 бабы бойынша сотталған адамдар ақталмай қалды. Толық ақтаудың негізі осында. Біздің жұмысымызда қандай мәселелер болды? Бізде көптеген архив жабық болды. Әсіресе, құзырлы органдардың. Енді биылғы Мемлекеттік комиссияның ең үлкен жетістігі деп осы құзырлы органдарының құжаттарының құпиясыздандырылуы. Қауіпсіздік Комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі құжаттарының құпиясыздандырылуы осы Мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында жүзеге асты. Оған өте көп тарихшылар қатысты. Жобалық кеңесінң басшысы Сабыр Қасымов бастаған таришылар бар, зертетушілер бар, бәріміз қатыстық.


Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің архивінде, Ішкі істер министрлігінде өте көп саяси репрессияға ұшыраған адамдарға байланысты өте көп деректер құпиясыздандырылды. Мен Тәуелсіздіктің 30 жылындағы ең үлкен жетістік осы құпиясыздандырылуды айтар едім», – дейді Тарих ғылымының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Арайлым Мұсағалиева.


Оның айтуынша, қызық деректер бойынша екі жинақ жарыққа шығуға дайын тұр. Ал келесі жылы сегіз жинақ шығады.


«Қазір бірінші жинақтың аты «Мемлекеттік актілер», екінші жинақтың атауы кәмпескеге байланысты, яғни тәркілеуге ұшырған бай-кулактарға байланысты. Келесі дайындалып жатқан жинақ көтерілістерге қатысқан адамдарға байланысты. Ең бірінші олардың мемлекеттік дәрежеде ақталу мәселесін шешу керек», – дейді Арайлым Мұсағалиева.


Оның айтуынша, осы жерде үлкен халықаралық дәрежедегі мәселелерді айтуға болады. Босқындар мәселесі халықаралық дәрежедегі мәселе.

«Мәселен, бізде қазір Ауғанстандағы қазақтар келгісі келеді. Біз архив құжаттарынан көрдік. Мыңдаған отбасы Тәжікстан арқылы Ауғанстанға өткен. Шын мәнінде олардың бәрі архивте сайрап тұр. Сол арқылы бүгінгі ұрпақтарын табуға болады. Мысалы, бір құжатты көрдік, он мың отбасы бір күнде өткен. Мемлекеттік комиссияның тағы бір үлкен жетістігі деп айтуға болады: босқындар деген терминнің енгізілуі. Бұл біздің қазақтардың құқықтық жағынан ақталуы. Қытайға қанша қазақ өтті, Шығым Қазақстан өте қатты зардап шеккен аймақ. Маңғыстаудағы көтерілістің әсерінен қанша адам Түркіменстанға, Тәжікстанға өтті. Бізге өзге елдердің архиві не үшін керек? Архивтерде жұмыс істеу керек, сол кезде кеткен босқындарды табуымыз керек, олардың құқықтарын қалпына келтіруіміз керек», – дейді Тарих ғылымының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Арайлым Мұсағалиева.