15 ақп, 2021 сағат 07:33

Сарапшылар жаңа Экология кодексіне қатысты пікір білдірді

Биыл қабылданған Экология кодексі бұрынғы құжаттардан өзгерек. Қазір қоршаған ортаға қатысты өзекті проблемалар аз емес. Ауаны ластайтын кәсіпорындар сынды мәселелер жеткілікті. Осындай түйткілдерді реттеуге жаңа кодекс көмектеседі. Сарапшылар осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алғашқы Экологиялық кодекс 2007 жылы қабылданып, 2018 жылға дейін елдің Экологиялық кодексіне шамамен 160 түзету енгізілді. 

Практикалық экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікованың айтуынша, бұрынғы Экологиялық кодекстегі кейбір нормалар бір-біріне қайшы келген. 

Яғни, Экологиялық кодекс тұжырымдамасы қоғам талаптарына сәйкес болмады.

«Жаңа кодекс жобасын әзірлеу 2018 жылдан басталды. Біз практик экологтардың қауымдастығы ретінде бұған белсене атсалыстық. 30-ға жуық ұсыныс жасадық. Оның біразы қабылданды. Атап айтар болсам, есеп беруді оңтайландыру, жер учаскелерін бөлу механизмін қайта қарау және осы механизмді мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысымен байланыстыру. Бұл құжат бұрынғы құжаттардан өзгерек. Жаңа құжатқа сәйкес, енді ірі кәсіпорындар жасыл технологияны енгізуге мідетті. «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатының негізінде ластануды болдырмау және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік көзделген. Экологиялық зиян орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны оның бастапқы қалыпына келтіруге мідетті», - дейді сарапшы.

Сонымен қатар, эколог әкімшілік кодекстің аясында салық кодексіне де өзгерістер енгізілгенін айтты.

«Қоршаған ортаны ластағандарға салынатын айыппұл он есе артты. Сонымен қатар, бұрын кәсіпорындарды прокуратураның рұқсатымен ғана тексеретін болса, енді ауаны ластаған кәсіпорындарды бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақала негізінде және қоғамдық ұйымның шағымы бойынша тексере алады. Бұл өкілетті мемлекеттік органдарға қоршаған ортаға залалды тоқтатуға және шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, инспекторлардың жұмысына деген халықтың сенімін арттырады», - дейді Лаура Мәлікова.

Экобелсенді Тимур Елеусізовтің сөзінше, жаңа экологиялық кодекс қоршаған ортаны қалпына келтіруге, ластаушылардан тазалықты талап етуге және жауапкершілікті күшейту арқылы құқық бұзу фактілерінің алдын алуға бағытталған.

«Жалпы, экологиялық кодекске өзгерістер енгізілгені жақсы болды. Бұл құжат арқылы көптеген халықаралық келісімдерге жақындадық», - дейді Тимур Елеусізов. 

Ұлттық кәсіби экологиялық аудиторлар палатасының президенті Мирас Байсейітовтың пікірінше, қабылданған жаңа экологиялық кодекс әлі де жетілдіруді қажет етеді.

«Экологиялық аудиттің кодекстен алынып тасталуы сенімді экологиялық ақпараттың жоғалуына әкелуі мүмкін. Мысалы, ескі нұсқада міндетті экологиялық аудит деген ұғым болған. Енді заңды аудит тұжырымдамасы алынып тасталды. Осылайша, біз барлық кәсіпорындар мен табиғи ресурстарды пайдаланушыларға немесе жай өнеркәсіптік кәсіпорындарға мемлекеттік бақылауды жоғалттық. Міндетті экологиялық аудит жүргізген кезде экологиялық аудитор экологиялық есеп жасап, кейін экология комитетіне жіберетін.Қазір экологиялық аудиторлардың саны күрт төмендеді. Экологиялық аудиторлық ұйымдар мамандарды қысқартуға мәжбүр болады, осылайша жұмыссыздық орын алады. Жаңа құжатта ерікті аудит ұғымы енгізілді. Мен кәсіпкерлер экологиялық аудитке өз еркімен жүгінеді деп ойламаймын. Яғни, біз сенімді экологиялық ақпарат ала алмай қаламыз. Жаңа экологиялық кодексті әзірлеу үшін, менің ойымша, кем дегенде 2-3 жыл қажет. Сондықтан жаңа экологиялық кодексті әлі де жетілдіру керек», - деді Мирас Байсейітов.