ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Путинмен Сочидегі кездесуіне баға беріп, ол қандай нәтижеге әкелетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы әрқашан қарқынды және жоғары динамикамен сипатталды. Пандемия кезеңі болды. Бірақ сол кездің өзінде, мен өзім Мәскеуде елшілікте жұмыс істеп жүрдім, барлық деңгейдегі жұмыс тоқтап қалмады - екі ортада қалып қалған азаматтарды, студенттерді тасымалдауда, вакциналарды, дәрі-дәрмектерді жеткізуде. Одан кейін ресейлік дәрігерлер Қазақстан аймақтарын аралап, үлкен көмек көрсетті. Пандемия әлі біткен жоқ, бірақ енді ол қауіп төндірмейді. Сондықтан, бүгінде кездесулер динамикасы пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралып жатыр", - деді сарапшы.
Оның пікірінше, Қазақстанда күзде көп оқиға болады деп күтіледі. Диалог екіжақты деңгейде және көпжақты форматта жанданып жатыр. Бірнеше маңызды халықаралық іс-шаралар жоспарланған, оларға Қазақстан мен Ресей қатысады. Бұл – Әлемдік діндер съезі, ШЫҰ саммиті, ТМД саммиті, АӨСШК саммиті. Сонымен қатар, аймақтық ынтымақтастық мәселелері бойынша дәстүрлі кездесулер. Биыл ол Ресейде өтеді.
"Қазақстан мен Ресей халықаралық аренада келісілген бағытты ұстанатын әріптестер мен одақтастар ретінде дәстүрлі түрде осындай іс-шаралар алдында "сағатты теңестіру" үшін кездеседі. Осыған байланысты қазіргі кездесу осы жылдар бойы қалыптасқан саяси дәстүрді растайды.
Екі президенттің кездесуі қаншалықты жылы, еркін жағдайда өткені байқалады. Бұл деректерді бұрмалап, қарым-қатынастың суығанын пайдаланғысы келетіндердің бәріне жауап деп ойлаймын.
Ресейдің де, Қазақстанның да ұлттық мүддесі бар. Келіссөздер арқылы диалог орнайды", - деді Тұқымов.
Ол әлемде, әсіресе, экономикалық салада бұрын-соңды болмаған процестер жүріп жатқанын айтты. Екіжақты сауда рекордтарды жаңартып жатыр.
"Қазақстаннан басқа ешкім біз үшін екіжақты қарым-қатынастарды нығайтумен, еліміздің саяси және экономикалық мүдделерін өзімізге қажет дәрежеде қорғаумен айналыспайды. Осы қиын кезеңде мұны түсіну маңызды", - деді ол.
"Президенттің елдер арасындағы шекараға тоқталып, оның делимитацияланғанын атап өтуі де кездейсоқ емес еді. Менің ойымша, бұл елдеріміздің қоғамдарында бұл мәселеде екіұштылық болмауы үшін, кейбір қара мысықты қараңғы бөлмеде іздеуді ұнататындар дұрыс емес тұжырым жасамауы үшін жасалды деп ойлаймын. Біз Ресеймен шекара мәселесін баяғыда шештік, даулы аумақтар мен аумақтық шағымдар жоқ. Тақырыпты жабатын уақыт келді. Президент осылай айтқысы келді", - деп қосты сарапшы.