22 сәу, 2021 сағат 16:18

Сарапшы «Спутник V» вакцинасының тиімділігіне қатысты түсінік берді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халықты иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссиясының мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жаннат Сатыбалдиева «Спутник V» вакцинасының қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын көптеген адамдар алып жатыр. Екпеден болуы мүмкін жанама әсерін мониторингілеу кезінде және оның тиімділігін зерттеу барысында алынған мәліметтерді ескере отырып, осы вакцинаны енгізу кезінде күрделі жанама реакциялар байқалмады», - деді Ж. Сатыбалдиева вакцина тақырыбына арналған онлайн талқылау барысында. 

Осы орайда ғалым Ресейдің Н.Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбургтің мәлімдемесін дәлел ретінде келтірді. 

«Жақында ғана телеарнадан Александр Гинцбург мәлімдеме жасаған болатын. Онда ол аталған вакцина бойынша ауыр жанама әсерін тіркелмегенін айтты. Соңғы мәліметтер бойынша вакцина тиімділігі туралы 97 пайыз деңгейіндегі көрсеткіш жарияланды. Бұл - өз кезегінде өте жоғары көрсеткіш. Ал AstraZeneca вакцинасы 70 пайыз тиімділікті беріп отыр», - деді прфессор.