16 қаз, 2019 сағат 09:02

Сарапшы: Орынсыз талаптарды орындай берсек, адал жандардың жігерін құм қыламыз

Мемлекет халықтың қай санатына көмек беруі тиіс? Еңбекке қабілетті азаматтардың мемлекетке қол жаюының себебі неде? Мұқтаждықты азайтып, масылдықты қалай еңсеруге болады? Осы мәселелер төңірегінде Eurasian Center for People Management директоры Ербол Исмаилов пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Литер» газетінде жарияланған мақаласында сарапшы дені сау әрі еңбекке қабілетті адамдардың «маған көмек көрсетілуі керек» деген талаппен наразылық білдіретініне таңғалатынын айтады. Оның ойынша, Қазақстандағы және посткеңестік елдердегі халық кейде мемлекетті жеке монолитті ағза, ақшаның астында жатқан әрі қарапайым тұрғындарға көмектесер кезде сараң «құбыжық» деп есептейді-мыс.

«Іс жүзінде ақша салық түсімдерінен алынатынын ескеру керек. Яғни, жұмысқа баратын адамдар табысының бір бөлігін бюджетке жібереді. Дәл осы ретте 16 жастан бастап жұмыс істейтін менің санамда бір сұрақ туындайды. Неге мен күніне 8-10 сағат жұмыс істеп, еңбекке қабілетті адамдар үшін ақша беруім керек?» -дейді сарапшы.

Ербол Исмаиловтың айтуына қарағанда, мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – тиімді әлеуметтік саясат. Сарапшы мемлекет өз-өзін ақшамен қамти алмайтын азаматтарды қамқорлығына алуы керек деп есептейді.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдар, жасөспірімдер әлемнің дамыған елдерінің бәрінде қамқорлыққа алынған. Бірақ бізде кейбір жауапсыз адамдар да қамқорлыққа алынатындар санатына енгісі бар. Пәтер таратып, қарызын кешіріп, іріктеусіз жұмысқа алсақ, біз табысы мен шығынын есептеп, ақшасын үнемдеп, алға ұмтылған адал адамдардың жігерін құм етеміз. Сол үшін барлығына тең мүмкіндік жасау керек. Еліміз дамып, экономикамыз өсуі үшін бізге білікті әрі дені сау азаматтар қажет. Сондықтан, win-win қағидаты негізінде мемлекет балабақша салып, орта білімге қаражат бөледі, медициналық көмек көрсетеді. Базадан басқа мемлекет жұмыссыздықпен күресуі керек. Балық емес, қармақ таратуы керек. Яғни, жұмыспен қамту орталықтарын ашып, мамандарды қайта даярлаңыз, үздіксіз білім беру курстарын ашыңыз, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырыңыз, мониторинг жүйесін құрыңыз және кәсіпкерлік қызметті ынталандырыңыз», - дейді сарапшы.

Ербол Исмаиловтың пікіріне құлақ ассақ, азаматтарда мемлекет демеуші деген түсінік қалыптасып қалған.

«Жемқорлыққа қарсы дауларды қарасаңыз, кейбір лауазымдылар миллиондаған теңгемен, тіпті доллармен ұсталып жатады. Міне, осы ретте бізге ашықтық жетіспейді. Адамдар «егер белгілі бір күдікті жобаға осыншама ақша бөлінсе, онда оның кішкене ғана бөлігін – менің әкеме, болмаса зауыттың бір жұмысшысына, студентке неге бөлмеске» деп ойлайды. Сондықтан, мұнда шешім мемлекеттік шығындарды таратудағы ашықтықта дер едім. Жалпы, жауапкершілікті күшейтіп, қымбат жобаның ашықтығын қамтамасыз ету керек. Жастар ол қаражаттың қайда жұмсалғанын білуі тиіс. Мектепте белгілі бір баланың кәсіпке бейімі, алғырлығы, өткірлігі, бастамашылдығы бағалана бермейді. Университетте де сол. Ескі жүйе бәрін бір деңгейде ұстап, тілалғыш еткісі келеді. Бұл - советтік пайымның қалдығы. Тежей берудің ақыры масылдыққа тіреледі. Бұл - өте күрделі процес», - дейді сарапшы.