23 қаз, 2020 сағат 10:35

Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шаралары туралы айтты

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Оны іске асыру кезеңінде саланы дамыту бойынша қажетті шаралар қабылданды. Мемлекеттік қолдау көлемі тек соңғы үш жылда 

1,5 есе ұлғайып, 2020 жылы 350 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл ретте субсидиялардың 95 пайыздан астамын тікелей ауылдық жерлерде орналасқан агроөнеркәсіптік кешен субъектілері алады.

Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау барынша оңайлатылды және толықтай автоматтандырылды, бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді С. Омаров Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.

Оның сөзіне қарағанда мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру шеңберінде өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар Бірыңғай қағидаларға біріктірілген. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Басты жаңалықтардың бірі - субсидияларды күнтізбелік жыл аясында емес, тұқымдар, тыңайтқыш, пестицидтер сатып алынған күннен бастап 12 ай бойы алуға болады.

«Фермерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында мал сатып алуға кредит беру кезінде кепіл саясаты оңтайландырылды. Мәселен, кепілге малдың өзі (85%) алынады, бұл ретте анық кепілмен қамтамасыз ету небәрі 15%-ды құрайды. 

«Қаржы құралдарын жетілдіру шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау нормативі 5 пайыздан 7 пайызға дейін ұлғайды, егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге сыйақы мөлшерлемесінің 9 пайызы субсидияланады.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін жеткілікті кепілдік базасы болмаған жағдайда, екінші деңгейлі банктердің кредиттеріне кепілдік беру тетігі қолжетімді болды, ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы іске асырылады. Кепілдіктер кредит сомасының 50 пайызын және басым инвестициялық жобалар бойынша 85 пайызды құрайды», - деді министр.

«Жыл сайын ҚазАгроның еншілес компаниялары арқылы агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру көлемі ұлғаюда, 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ол 

325 млрд теңгеден астам соманы құрады. Бұл ретте 2019 жылы ҚазАгроның агроөнеркәсіптік кешенді кредиттеу көлемі шамамен 449 млрд теңгені құрады, бұл Холдинг жұмыс істеген барлық жылдардағы ең жоғары көлем болып отыр», - деді С. Омаров.