Тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңде халқымыз ана тіліміз бен ата дінімізбен қауышып, ұлттық руханият саласында оңды өзгерістер орын алып жатқан уақытта сол кездегірухани ашықтығымызды өз мақсатына пайдаланған теріс пиғылды ағымдар ел аумағына кіріп үлгерді. Діннің атын бүркеніп, саяси мақсаттарға қол жеткізуді көздейтін осындай діни-саяси ұстанымдардың бірі болып табылатын -салафизмидеологиясы содан бергі кезеңде біздің елімізде біршама бой көрсетіп, қоғамда туындаған түсініспеушіліктер мен жанжалдарға түрткі болып үлгерді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы жинап келген рухани мұрасы мен мәдениетін жоққа шығаруды көздейтін жалаң қағидаларға негізделген бұл ағымның идеологиясысан ғасырлар бойы халқымыздың тұрмысы мен санасына сіңіп кеткен мұсылмандығын теріске шығаруды және қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңірген дәстүрлі дініне қарсы қоятын ұстанымдарды басшылыққа алады.
Исламның бастапқы заманын тым идеалдандырып, сол кезеңде болмаған діни дәстүрлер мен түсініктерді мойындамайтын салафиттер Құран мен сүннетте жоқ барлық әрекеттерді«жаңашылдық» деп санай отырып, ислам құндылықтарының дамуына үлесін тигізетін өзгерістерді де теріске шығарады. Халықты іштей ыдыратуды көздейтіндіктен ұлттың тұрмыс-болмысына әбден сіңісіп кеткен ислам дінінің қағидаларын күрделендіре түсіндіріп, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дінге енгізілген жаңашылдыққа (бидғатқа) балап, олардың бәрін «харам»санайды.
Жалпы ислам ғалымдары кей кездері діндегі жаңашылдықтың міндетті болатын тұстарын да айтады. Мәселен Мұхаммед пайғамбар өмірден өткеннен кейін қажеттілікке орай Құранды бір кітапқа жинауды, Құран аяттарының харакеттерін қоюды ислам ғұламалары міндетті іс-әрекетке жатқызады. Мұхаммед пайғамбардың туған күні болып саналатын мәуліт мерекесін атап өтуді шариғатпен құпталған іс, ал намаздан соң қол алысып амандасуды шариғатпен рұқсат етілген іс деп санайды.
Салафиттердің қисынына жүгінсек, қазақ халқының діни ұстанымына дәстүрлі түрде еніп кеткен қабір басында марқұмдарға Құран бағыштап, Алладан кешірім тілеу, дұға етіп, бет сипау сауапты істердің барлығы дінге енгізілген жаңашылдыққа жатады. Ал салафизмнің жаңашылдықты харам деп санайтын ұстанымын ескерер болсақ, олардың көздегені анық-еліміздегі біртұтас мұсылман үмбетін ыдырату, азаматтарды әсіредіншілдікке тарту, өскелең ұрпақты ұлттық құндылығы мен санасынан айыру, жерінен, ата-анасынан, туыстарынан, қоршаған ортасынан ажырату. Өзімбілерлікпенмаксималистік көңіл-күйге бой алдырып, біржақты діни көзқарасқа еліктеген салафизм идеясын ұстанушылардыңбіршама уақыт өткен соң ұлттық «менін»жоғалтқан мәңгүртке айналатыны айтпаса да түсінікті.
Әрбір ұлттың құндылығы оның өзімен бірге ғасырлардан-ғасырға жасасып келе жатқан өзіне тән тілі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының, жалпы айтқанда бүкіл болмысының ерекше мәні ретінде көрініс табатын ұлттықмәдениетіне негізделетіні ақиқат. Осы тұрғыдан айтар болсақ, қазақ халқы салафизм қаупінің алдында өзінің рухани-мәдени құндылықтарын сақтап қалуға мүдделілік танытуы тиіс. Өйткені кез-келген ұлттың тарихта ұлт ретінде сақтап қалуының басты алғышарттарының қатарында өзінің ғасырлар бойы қалыптасқанана тілін, ұлттық ділінжәне мәдениетімен тұтастықта көрінетін дәстүрлі діни түсінігін сақтап қалуы тұрады. Сондықтан өз тарихында «тар жол, тайғақ кешудің» сан түрлі сынынан өтіп, мемлекеттілігін қайта қалпына келтірген қазақ халқының әрбір азаматы руханиятымызға селкеу түсіруді көздейтін кез-келген идеологиялық қыспаққа «ортақ шеп құрып» тойтарыс беріп отыруы тиіс. Сонда ғана «мың өліп, мың тірілген» Қазақты алдағы мыңжылдықтарға бой түзеген мәңгілік ел етеміз!
Асхат Ахмедияр
Дінтанушылар Конгресі