23 там, 2016 сағат 09:14

Сәләфилердің таным-түсінігі қазақтың табиғатына мүлде керағар

Қазір көптеген дінтанушылар мен ғалымдар, саясаттанышулар мен журналистер елімізде сәләфизмді насихаттап жүрген сайттардың кедергісіз әрі бақылаусыз жұмыс істеуіне алаңдаушылығын білдіріп, оларды шектеу қажеттігін көтеріп жүргені белгілі. Біз бұл өзекті мәселе төңірегінде тәуелсіз қазақ діни журналис­тикасының ардагері, «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар қажы Өмірбекпен сұхбаттасқан едік.

– Әлбетте, сол дінтанушылар мен ға­лымдардың алаңдаушылығын түсінемін әрі тыйым салу қажет деген пікірлерін қол­даймын, – деп бастады әңгімесін Оңғар Өмірбек: – Себебі қазақ ұлт болып ұйыс­қалы бері мұсылман. Оның ішінде бір ғана Ханафи мәзһабы мен Мәтуриди ақидасын ұстанған. Сол ұстанымның арқасында ғана Қазақстан мен Орта Азияда сан ғасырдан бері діни алауыздық орын алмаған. Енді тәуелсіздігіміз баянды әрі халқымыздың бірлігі мен ынтымағы берік, иманы кәміл, дініміз одан әрі нығая түссін десек, оған сызат тұрмақ, күмән туғызатын ағымдар мен топтарға жол бермеуге тиіспіз. Мұны елдің қауіпсіздігі де талап етеді. 

– Өздерін алғашқы сәләфтармен бай­ланыстырып жүрген сәләфилерден келетін қауіп-қатер қандай? 

 – Сәләфилердің таным-түсінігі қазақ халқының сан ғасырлардан бері қалып­тасқан мұсылмандық түсінігіне мүлде ке­рағар. Олардың сенім тұғырнамасында жалпы қазақшылыққа, елдікке, отаншыл­дыққа орын жоқ. Бұларды өз тамырынан жерінген діни космополиттер деуге бола­-ды. Халқымызда қалыптасқан, түбі мұсыл­маншылықтан өрбитін ата-ананы қадірлеу, үлкенді сыйлау, өзара түсіністік, ынтымақ, биязылық, сыпайылық сияқты асыл қа­сиет­терді мансұқ етеді. Сондықтан да сә­ләфилік – қазақ ұлтының тамырына балта шабу үшін от ала келген аса қатерлі діни ағым. Бұлардың ұстанымдары шынайы мұ­сылманшылықпен де, дәстүрлі қаза­қы­лықпен де сәйкеспейді.

– Бұл теріс сайттар халыққа қаншалық­ты ықпал ете алады?

– Ғаламторда алуан түрлі пікірлерге жол берілген. Солардың ішіндегі қазіргі қазақ жастарына ең қауіптісі – осы теріс ағым­дардың үгіт-насихаты.
Асыл дінімізді сол сайттардан үйренген жастарымыз сәләфилердің қатарын то­­лықтырып, мешітте намазды солардың ұста­­ны­мымен оқиды. Имамдардың емес, ұялы те­лефоннан өз шейхсымақтарының уағызын тыңдайды. 

– Жалпы, Діни басқарма дін тақы­ры­бында ақпарат тарататын БАҚ-тарды қан­шалықты қадағалауға қауқарлы?

– Діни басқарма – қоғамдық ұйым. Оның тұрақты түсімді бюджеті, қаржылық мүмкіндігі, заңдық қадағалау құқығы жоқ. Сондықтан тек ұсыныстар мен тілектерді жеткізумен шектеледі. Дегенмен, басқарма тарапынан діни тақырыпқа қалам тартып жүрген тілшілердің басын қосып жиын­да­рын өткізіп тұру, оларға дұрыс діни түсінік­ті насихаттауда бағыт-бағдар, кеңес беру шаралары ұйымдастырылуда. Жалпы әр істі сол саланың өз маманына тапсырған жөн. Сондықтан да мұсылманшылық ба­ғыттағы діни ақпараттардың анық-қаны­ғын дөп басып айтып бере алатын еліміздегі бірден-бір мекеме – Діни басқарма.

– Біздің мәзһабымызға қарсы ақпарат­тар қаншалықты жиі жарияланады?

– Жат ағымдар ата-бабамыздың төл мәзһабы – Әбу Ханифа жолы мен ма­ту­ридилік діни таным мектебіне қарсы және де қазақ халқының ұлттық құндылықта­рына қарсы үздіксіз үгіт жүргізіп келеді де­сек, асыра айтпаған болармыз. Оның дәлелі – соңғы уақыттары ата-анасын, ағайын-туысын «кәпір», «дінсіз» деп айыптап, өз құ­дығынан жеріген жартыбас діндарсы­мақтардың көбеюі. Бұлардың барлығы­-ның танымы бір. Олар уахабилік, сәләфи­лік керітартпа идеологияның жан­дайшаптары.

– Қарапайым халықтың діни сауаты жоғары болмаған соң, теріс сайттардан да ақпарат алады. Теріс пиғылды сайттарды қалай тануға болады? Олардың ерекшелігі неде?

– Қазір елімізде теріс пиғылды сайт­тардың біразы бұғатталған. Дей тұрған­-мен, кейбір сайттар әлі де жұмыс жасап тұр. Жат ағымдардың сайттары негізінен өз уағыз­шыларының, шетелдік үгітшілердің дәрістерін ғана насихаттайды. Қазақ­стан­дағы он екі миллионнан астам мұсылман­дардың басын қосып отырған Діни бас­қарманың ұстанған бағытына үзілді-кесілді қарсы. Солардың сайттарында Діни бас­қар­маның имамдары мен ұстаздарының уағыздарына жол жабық. Олар қазақ қо­ға­мында қалыптасқан жайтпен мүлде санас­пайды. Бүлікке алып баратын үгіттерін жал­­ғастырады, ұлттық әрі діни ерекше­ліктерге төзімсіздікпен қарап, түбі қақты­ғысқа, алауыздыққа ұластыратын, қоғамы­мыз үшін аса қатерлі теріс пиғылды уағыз­дар жүргізеді.
Ғаламторда сәләфилікті ашықтан-ашық насихаттап, солардың сойылын соғатын мына сайттар әлі жұмыс жасап тұр: www.sun­napress.kz, www.islamic.kz, www.abu­ha­nifa.kz, http://www.shyn.kz/ , http://anti-ir­hab.kz/. Сол сияқты әлеуметтік желіде сәлә­филікті қолдап, үздіксіз насихаттап оты­ратын әрі басқаларға да ықпал ететін бел­сенділері де бар. Солардың бірі әрі белсен­ді сәләфит қандасымыз Алматыда болған соңғы қанқұйлы оқиғаның сәләфиттерге ешбір қатысы жоқтығын, оны күштік құ­рылымдар өздері ойлап тапқандығын ай­тып, бейнетаспа жариялады. (http://abai.kz/post/view?id=8920)

– Бас мүфти діни салада «ақпараттық соғыс» жүріп жатқанынан хабардар ма? Оның ұстанымы қандай?

– Бас мүфти жалпы ақпарат саласын, мерзімді БАҚ-ты үзбей қадағалап отыра­-ды. Оған өзіміз куәміз. Асыл дінімізге күйе жағатын жалған ақпараттардың алдын алуға ерекше мән береді. Сонымен қатар теріс ағымдардың жүгенсіз әрекеттерін ауыздықтауға да күш салуда. Бұрмаланған мәліметтерді түзетуге тырысады. Бас мүфти бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының біртұтас ұстанымы – қазақ жерінде қалыптасқан дәстүрлі діни мек­тептерді, мәзһабымызды тұғырлау, ны­ғай­ту. Жат ағымдардың теріс уағыздарына қарсы тұру үшін үгіт-насихат саласында дұрыс діни дәрістермен бірге халқымыз­-дың игі дәстүрлері мен құндылықтарын қатар насихаттау қолға алынған. 

– Байқауымызша, қазір ақпарат сала­сында сәләфиттер, гүленшілер мен исма­туллашылар (зікіршілер) аса белсенді. Әлеу­меттік желілер мен сайттарда отырып өзара қырқысады. Қазақты бөліп отырған мұндай керітартпалықтарды қалай түбегейлі шешу­-ге болады?

– Аталған топтар қазақ елінде тәуел­сіздік алғаннан кейін пайда болған ағым­дар. Яғни, олар бұрын болмаған, діни уағыз-насихаттың кемшін тұсында қаулап кеткен. Қазір діни басқарма өзіміздің төл мәзһабымызды жергілікті жердің ыңғайы­на қарай әдет-ғұрып пен қалыптасқан жағ­дайды ескере отырып, уағыз жүргізуді мық­тап қолға алды. Нәтижесінде, анаған да, мынаған да бұра тартпайтын уағызшылар пайда болды. Енді жастар, мұсылман жа­мағаты діни басқарманың бекіткен уағыз­шыларының уағыздарын тыңдауға ойыс­-ты. Діни алауыздықтың алдын алудың бір­ден-бір жолы – мемлекет тарапынан мой­ындалған ел мұсылмандарының жал­ғыз діни ұйымы – мүфтияттың үгіт-наси­хатына құлақ асу. Діни басқармада діннің түрлі саласының білгір мамандар тобы қызмет етуде. 

– Дін тақырыбында ақпарат тарататын БАҚ-тарды Діни басқарманың діни сарап­тама бөлімдеріне тәуелді ету қажет пе? 

– Қазақстан – демократиялық зайыр­лы мемлекет. Сондықтан қайсыбір адам­ның пікір еркіндігіне шектеу қою қиын. Де­генмен, дін тақырыбындағы жазылып әрі беріліп жатқан ақпараттарды діни бас­қарманың сараптамасынан өткізген де дұрыс па дейміз. Себебі, әсіресе, әлеуметтік желіде Діни басқарманы жөн-жосықсыз айыптап, теріс ағымның сойылын соға­тындар көбейді. Діни басқарманың ға­ламтор бөлімі олардың біразын біледі, әрі олардың топтарынан да хабардар. Бүйрек­тен сирақ шығаратын сондай топтарды шектеу қажет пе деген ой туады. Әйтпесе, күні бойы ғаламторда отыратын сарыауыз балаң жасөспірімдер сәләфилердің жете­гіне еріксіз еріп кетіп жатыр. Ол діни мағ­лұматтардың өзіміздің төл мәзһабымызға, дәстүрлі діни танымымызға сәйкестігін ажы­ратып бере алатын мамандарымыз, имамдарымыз бар.

– Сәләфизмге беріліп, кейін таза ислам­-ға оралған 800-ден астам азаматтың барын білеміз. Бұл тек бір жылдың жетістігі екен. Бұл бағытта Діни басқарма тарапынан тағы қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?

– Құдайға шүкір, қазір адасқанын түсініп, ортамызға қайта оралып жатқан бауырларымыз да баршылық. Бұл да болса мүфтият тарапынан жасалған қажырлы еңбектің жемісі. Діни басқарма өзінің қар­жылық және ақпараттық мүмкіндігінің шек­теулігіне қарамастан, бұл бағытта көп­теген шаралар жасап жатыр. Соның бірден- бір мысалы басқарма тарапынан құрылған республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ) және жергілікті өкілдіктердің жаны­нан ұйымдастырылатын жергілікті ақпараттық-насихат топтары (ЖАНТ). Бұл топтардың құрамында елімізге белгілі дін мамандары, имамдар, теологтар, сарап­шылар бар. Олар ел аумағында түрлі кез­десулер өткізіп, дұрыс діни құндылықтар­-ды уағыздайды, жастардың арандап қал­­мауы үшін оларға жат ағымдардың қауіп-қатерлерінің жай-жапсарын айтып береді. Жергілікті әкімшілік орындарымен келісе отырып, оқу орындарында, мекемелерде, ұйымдарда түрлі салалардың өкілдерімен жолығып, келелі әңгіме өткізеді, оларды толғандыратын сұрақтарға жауап береді. Өзекті мәселелерді талдап, шешімін де айтады.
Сонымен қатар, Діни басқарма ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихатын күшей­тіп келеді. Басқарманың өз баспасөз қыз­меті, мерзімді басылымдары бар. Ғалам­торда да діни басқармаға қарасты ондаған сайттар («muftyat.kz», «muslim.kz», «islam.kz», «azan.kz» т.б.) тұрақты жұмыс істейді.

– ҚМДБ жанынан шығатын «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналы­на жазылу барысы қалай?

– Құдайға шүкір, бұл екі басылымның да өз оқырманы бар. Жыл санап таралымы да өсу үстінде. Газеттің таралымы 50 мың данадан асса, ал «Иман» журналы 20 мыңға жуықтады. Халқымыз ата-бабамыздың асыл дініне жаппай бет бұрып жатқанына қарап, діни басқарманың төл басылымы­ның таралымы мұнан әлдеқайда өсе түсе­тініне сенемін. 

– Сұхбатыңызға рақмет! 


Әңгімелескен 

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Айқын