12 қар, 2016 сағат 16:32

Сахнаның киесiн сыйлау керек

26 қазан күнi I.Жансүгiров атындағы облыстық мәде­ниет сарайында бұрынғы айтыскер ақын, композитор, Елена Әбдiқалықованың кон­цертiн тамашалауға әйе­лiмдi ертiп мен де бардым. Жарнамасы дұрыс болмады ма, әлде аптаның басы – халық жұмыста дегендей, әйтеуiр, көрермен онша көп бола қойған жоқ. Бiрақ Елена оған қарамады, жарты сағаттай кешеуiлдеген концертiн өзi басқарып, Құдай берген бар өнерiн төктi-ақ. Орындаған әндерiнiң басым көпшiлiгi, өлеңдерiн де, әндерiн де өзi жазған, халыққа кеңiнен танымал дүниелер едi. Мысалы: «Сыр елiм менiң, жыр елiм менiң», «Есiңе менi алғайсың» және т.б. Үш-төрт өлеңiн домбырамен айтты. Бұл жерде де жиналған жұрт оның өнерiне тәнтi екенiн бiлдiрiп, алақандарын аяған жоқ. Бiрнеше десте гүл де сыйланды өнерпазға. Концерттi өзi басқарған орындаушымыз арасында әртүрлi әңгiме де айтты.

«Мен алғаш рет 17 жасымда бiр жiгiтке ғашық болдым. Сөйтсем, әлгi оңбағанның әйелi бар болып шықты. Жалпы, әйелi бар еркектiң бәрi оңбаған» деп залда отырған еркек қауымын бiраз жерге апарып салмасын ба?! Бiр-бiрiмiзге қараған бiз, мынау не деп кеттi деп отырмыз. Айтқан сөзi рас болса, онда бiз де оңбаған шығармыз деген ой келдi. Жинал­ғандардың арасында 75-76-дағы бiр-екi ақсақал бар едi. Соларға қарасам, екеуi бiр­деме деп күбiрлесiп отыр...

Елена қыз өзi нанын тауып жеп жүрген ортасын да сынап: «Бұл өнер адамдары деген күншiл келедi. Олардың арасында шынайы достық деген болмайды. Бiрiнiң аяғын бiрi шалып дегендей... Сондай интриганың құрбаны болғанның бiрi – менiң досым Табылды Досымов. Ол нағыз дарын едi, ешқандай атақ ала алмай құса боп өлдi ғой. Тiрi болса биыл 51-ге келетiн едi. Сiздер жаман ойлап қалмаңыздар, бiз тек дос болдық, арамызда күдiк алатындай ештеме болған жоқ...» деп өзiнiң адалдығын да айтып өттi.

Домбырамен тағы бiр ән шырқар кезiнде Елена Әб­дiхалықова ханым өзiнiң айтыс ақыны болғанын айта келе: «Қазiр айтысқа қатынаспаймын. Айтыс деген сау­да болып кеттi» деп, ол өнердiң ауыр жүгiн алып жүрген азаматтардың тарапына қарай бiр тасты лақтырып кеп жiбердi.

Қойшы, осы концерттен ауырлап шықтым. Оған не­гiзiнен өнер сүйетiн қауым өкiлдерi келдi. Демек, оларға өнер адамдарының арасындағы өмiрде кезiгетiн әртүрлi кикiлжiңдi, көлеңкелi жағдайлардың онша қажетi жоқ едi. Алла тағала адамдарды жаратқанда, о баста, әр­түр­лi қып жаратқаны белгiлi. Олардың түрлерi де, жастары мен бойлары да ерекше. Сонысыменен қызық. Олардың iшiнде Елена әншi сөз қылғандар да бар екенi рас. Көрерменге керегi өнер адамдарының арасындағы айтыс-тартыс, ұрыс-керiс емес, шынайы өнер емес пе едi. Мен де сондай ниетпен барып едiм...

Әбдiсамат  МЫЛТЫҚБАЕВ,

зейнеткер,

Талдықорған қаласы.

"Жас Алаш" газеті