CC0 / Pexels /
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қазақстандық әртістер мен концерт ұйымдастырушылары үшін айыппұл мөлшерін алатын гонорар мөлшеріне дейін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, мұндай шара арқасында әртістердің қатысуымен болған жағымсыз жағдайлар азаяды.
"Бізге әртістердің де, концерт ұйымдастырушылардың да жауапкершілігін арттыру қажет. Қазір концерт ұйымдастырушылары мен әртістерге концерт үшін алынатын гонорар мөлшерінде айыппұл салу туралы норманы талқылаймыз. Өйткені сахнада мас күйінде өнер көрсететін әртістерге айыппұл мөлшері көшеде жүрген мас адамның төлейтін айыппұлына тең болып тұр", - деді министр журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.
"Әртістердің өнер көрсетуіне 5 жыл немесе өзге мерзімге шектеу қоюға болмайды деп санаймын. Бұл әртістердің елден кетуіне немесе толығымен желіге ауысуына әкелуі мүмкін", - деп қосты ол.
25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ сарайының сахнасында танымал "Ирина Кайратовна" тобының және рэпер Shiza концерті өтті. Әртістер алғаш рет Kok tu бірлескен әнін ұсынып, Қазақстанның мемлекеттік туын төмен түсірді. Бұл оқиға үшін топ мүшесі Азамат Маркленов кешірім сұрады.
Ол сахнадағы орынсыз мінез-құлықтың себебі сахнаға мас күйінде шығу екенін айтты. Кейін сенатор Нұртөре Жүсіп әртістерді мемлекеттік рәміздерді қорлағаны және әдепсіз сөздер айтқаны үшін сахнадан бес жылға шеттетуге шақырды.