30 мам, 2022 сағат 13:48

"Сахнаға ішімдік ішіп шықтым". Nurik Smit халықтан кешірім сұрады

Коллаж: Tengrinews.kz

Nurik Smit лақап атымен танымал әнші Нұрғиса Әнуарбеков Ақтөбедегі концертінде көрсеткен бейәдеп қылығы мен сөзі үшін халықтан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әнші сахнаға ішімдік ішіп шыққанын мойындады.

"Менің есімім Нұрғиса. Мен қазіргі уақытта Ақтөбе тұрғындарынан және барша Қазақ елінен кешірім сұрағым келеді. Мен сахнаға ішімдік ішіп алып шыққаным үшін және сахнаға шығып балағат сөздер айтқаным үшін, өзімді дұрыс ұстамағаным үшін кешірім сұраймын. Мұндай іс екінші қайталанбайды, сіздерге сөз беремін.

Бәріміз пендеміз, бәріміз қателесеміз, бәріміз қателесіп өсеміз. Көп-көп рақмет", - деді әнші.

Еске салайық, әлеуметтік желілер Nurik Smit-тің Ақтөбедегі концертінен үзінділер тараған еді. Онда орындаушы концертіне келген аруға көзі түскенін айтып, оны жігіттерге көтергізеді. Сахнада бейәдеп қылық көрсеткен оны Желі қолданушылары сынап жатыр. Өнер иелері мен танымал блогерлер де пікір білдіріп, сахнаны қорламауға шақырды

Nurik Smit жастар арасында Q-pop жанрына өнер көрсеткен қазақстандық Newton тобының қатарында таныла бастаған. Алайда 2019 жылы ол топтан шығып кеткендігін мəлімдеді. Кейіннен топ та жұмысын тоқтатты. Содан бері Smit жеке ән жазады. Оның "Бальзам", "Менің қызым", "Маяк" сынды танымал әндері бар.