01 қаз, 2021 сағат 11:23

Саакашвили Грузияға оралғанын хабарлады


Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили еліне оралғанын хабарлады. Ол 1 қазанда Facebook парақшасында "Қайырлы таң, Грузия! Сегіз жыл өтіп кетіпті" деп жазды.

Кейін Саакашвили видеоүндеу жариялап, Батумиде екенін айтты. Видео түнде жазылғандықтан, оның қайда түсірілгенін ажырату мүмкін емес. Саакашвили азаматтарды 2 қазан күні жергілікті сайлауға қатысып, одан соң Тбилиси орталығына жиналуға шақырды. 

Ал Грузия ІІМ Саакашвилидің шекарадан өтпегенін хабарлады. Бұл жөнінде "ИнтерпрессНьюс" және РИА Новости агенттіктері жазды. 

Саакашвили құрған партия өкілдері On.ge басылымына саясаткердің қайда екенін білмейтінін айтқан.

Грузияның бұрынғы президенті бірнеше күн бұрын елге 1 қазан кешке оралатынын айтып, жақтастарын саяси құқықтары үшін күресуге шақырған. Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили Саакашвили келсе, бірден тұтқындалатынын айтқан. 

2018 жылы маусым айында грузин соты Саакашвилиді "президент болып тұрған тұста қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" және "парламент мүшелерінің соққыға жығылуына қатысты дәлелдерді жасыруға тырысты" деп айыптап, сырттай 6 жылға соттаған.

Қазір Грузияда басқарушы "Грузин арманы" партиясы мен Саакашвили қолдайтын оппозиция арасында жағдай ушыққан. Оппозиция былтыр билікті парламент сайлауының нәтижесін бұрмалады деп айыптаған. Ал халықаралық бақылаушылар сайлаудың бәсекеге сай және негізгі сайлау құқықтары сақталғанын айтқан.