Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари «Digital Almaty 2021 - Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» атты халықаралық форумда білім беру саласындағы цифрландыру проблемалары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, пандемия Қазақстандағы білім беру саласына да айтарлықтай әсер етті.
«Әлемді дендеген індет кезінде бұл сала айтарлықтай кедергілерге тап болды. Біріншіден, оған бірде-бір елдің инфрақұрылымы дайын болған жоқ. Әлем мұндай қиындықтарға дайын емес еді. Тіпті Нью-Йоркте тұрғындардың 20%-ы сапалы интернетке қол жеткізе алмады. Бұл мәселе бізде де бар. Екінші мәселе - сандық сауаттылық. Қазақстан да, цифрлық дағдыларды қалыптастыру мен дамыту мәселесіне тап болды. Бұл мұғалімдер мен балаларға ғана емес, ата-аналардың өздеріне де қатысты. Екі тенденция көп уақытты қажет етті. Біз білім беру жүйесінде өзгеріс қажет екенін түсінеміз. Оған қашықтан оқыту жүйесі көз жеткізді», - деді ол.
Цифрлық форумның диалог алаңында Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінің қатысушылары балаларды қайта даярлау және қосымша білім беру туралы тәжірибелерімен бөлісті.
«Бүгінде цифрландырудың арқасында оқыту жүйесі жетілдіріліп жатыр. Білім деңгейін бақылауға ғана емес, оны диагностикалауға да болады. Мысалы, егер балалар сабақтың тақырыбын игермесе, онда оқу материалы жоғары сапада дайындалмаған болуы мүмкін.Онда оқулықты қайта басып шығарудың қажеті жоқ. Қайта білім беру тұжырымдамасын өзгертіп, оқу материалының сапасын арттыру қажет», - деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі.