Фото: ашық дереккөзден
Жаңа Мемлекеттік Елтаңба нақты қандай болуы керек деген мәселеде ортақ көзқарас жоқ, дейді ҚР Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының атқарушы директоры Руслан Хамза.
Жуырда ғана «Жаңа адамдар» қозғалысы қазақстандықтар Мемлекеттік Елтаңбаны қаншалықты білетіні жөнінде сауалнама жүргізген болатын. Сауалнама көрсеткендей, көптеген азамат Қазақстан Елтаңбасын танымайтын болып шықты.
Сауалнамаға қатысушылардың 70 пайызы Елтаңбамыздың бейнесіндегі жекелеген элементтерінің мәні мен мағынасын түсінбейтінін айтты. Тек 30 пайыз қатысушы алты бірдей ұқсас рәміздер арасынан біздің төл Елтаңбамызды нақтылап, танып көрсете алды. Ал көбісі ұқсас рәміздер арасынан қанатты тұлпары бар өзіміздің елтаңбамызды емес, құстар мен айдаһар бейнеленген өзге рәміздерді көрсеткен.
Қазіргі ҚР Мемлекеттік Елтаңбаға 32 жыл толды. Ол 1992 жылы қабылданған еді. Авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан. Оның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.
Бүгінгі уақытта, жоғарда жүргізілген сауалнаманың қорытындысына келіп, ұлттық орталығы жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп, ҚР Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оларды қолдану бойынша әдістемелік семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.
"Жаңа Мемлекеттік Елтаңба нақты қандай болуы керек деген мәселеде ортақ көзқарас жоқ. Дегенмен, ел ішінде бұл мәселе әлі қоғам талқысына салынып, талқыланатыны хақ", - дейді Руслан Хамза.