Румынияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар жалғасуда.
Алғаш рет виртуалды режимде өтіп жатқан Бухаресттегі қазақстандық кино кинофестивалі аясында режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» атты массагет патшайымының өмірі туралы баяндайтын көркем фильмінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Кинофестивальдің жаңа форматы Румыниядағы көптеген көрермендерге тікелей эфирге қосылуға және румын тілінде субтитрі бар тарихи фильмді көруге мүмкіндік берді. Бұл ретте кинофестивальдің алғашқы фильмі румын жұртшылығының оң пікірлеріне ие болған.
2021 жылдың 17-18 наурызында румын көрермендеріне қазақстандық режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Жаңғақ тал» және Рашид Сүлейменовтың «Қарашаңырақ» фильмдері ұсынылады.