20 там, 2020 сағат 11:40

"Рухани жаңғыру": Жастар үшін бірнеше жоба әзірленіп жатыр

Қазақстан бойынша "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға 3 жыл ішінде 2 миллионнан астам адам жұмылдырылды. Жеті мыңнан астем іс-шара өткізілді, - дeп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақстандықтардың заманға сай сын-талаптарға қарсы тқруға қауқарлы болуы үшін және жеке кәсіби қасиеттерін дамытатын іс-шаралар қолға алынғанын хабарлады.

Қазіргі таңда министрліктің алдында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа жағдайға бейімдейтін бірқатар міндет тұр. Оның негізгісі – бұл ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, қазақстандықтардың қазіргі заманғы сын-талаптарға төтеп бере алатын шаралар, - деді вице-министр.

Сонымен қатар осы жұмыстар үшін арнайы жобаның бірнеше нұсқасы бар. Оның ішінде прагматикалық өмір салтын дәріптейтін жоба бар. Сол арқылы үнем қуаты ұмыт болған, ізгілік және тәрбиелік құндылық тұрғысынан қазіргі заманда өзекті болып саналатын салт-сананы дәріптейтін жоба іске асады. Жобаның аты - «Дәстүр мен ғұрып».

Екінші жоба – «Құқықтық мәдениет». Ол елдің құқықтық мәдениетін ашуға бағытталған.

Үшінші жоба – «Еңбек елдің мұраты», ол еңбекқорлыққа үндейтін жоба болады.

Вице-министрдің айтуынша, олардың қамтитын тақырыптық аясы атауынан әлдеқайда кең болады. Мысалы, жастардың мінез-құлқын қалыптастыру, денсаулыққа қатысты салауатты өмір салты мәдениеті мен эстетикалық талғамға баулу кіреді.

Жобалар аясында тамақтану мәдениетінен бастап музыка, әдебиет, театр сияқты терең дүниелерді қабылдау, азаматтардың өзңінің қарапайым құқықтарын қорғай білуі, кәсіп жасау сияқты қабілеттерін арттыру мәселелері көтеріледі.

Тоқаевтың көтерген үлкен бастамасы – қоғамның экологиялық сауатын ашу мен экомәдениетін көтеру. Сонымен қатар «Кітапсүйер ұлт» ұранын пайдаланып, мектеп оқушыларын, балаларды кітап оқуға баулудың маңызы зор болып саналады.

Тамызда Ақмола облысында мемлекеттік органдар, қоғам және БАҚ өкілдерінің қатысуымен "Рухани жаңғыру" өңірлік сараптамалық кеңесінің отырысы өтті. Сараптамалық кеңестің қатысушылары үшін Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің фойесінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасына арналған студенттердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды.

Отырыстың жұмыс күн тәртібі өңірдегі қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының қызметін іске асыру қорытындыларына және алдағы жылға қойылған мақсаттар мен міндеттерді талқылауға арналды.

Ішкі саясат басқармасының арнайы жобалар бөлімінің басшысы Архат Айбабиннің айтуынша, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша осы жылға арналған облыстық жұмыс жоспары осы жұмыстағы жаңа талаптар мен үрдістерді есепке алып, жаңа қызықты жобаларға толы болды.