"Рухани жаңғыру" бағдарламасы идеологиялық платформа ретінде қарастырылады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов мәлімдеді, - дeп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
"Үш жыл бұрын еліміздің рухани әлеуетінің дамуына үміт артқан үлкен бастама басталды. Биыл "Рухани жаңғыру" жаңа кезеңге өтті. Әрине, елдің рухани жаңғыруы бүгін басталған жоқ", - деді Болат Тілепов.
Ол бұған дейін "Мәдени мұра" және "Халық тарих толқынында" бағдарламалары іске қосылғанын еске салып өтті.
"Енді бүгінгі рухани жаңғырудың басты мақсаты – қоғамдық сана. Ал басты шарт – ұлттық кодты сақтау. Көріп отырғаныңыздай, әлем күн сайын өзгеріп отырады. Эпидемия адамдардың өмір салтын ғана емес, сонымен бірге мемлекеттердің саясатын да өзгертетінін айтпағанда. Тек физикалық денсаулық қана емес, сонымен қатар рухани күш, сауаттылық пен тәрбие де бірінші орынға шығады. Мұның бәрі бір күнде немесе бір жылда бола бермейді", - деді ол.
Егер адам денесін емдеу қиын болса, жанды емдеу одан да қиын. Сондықтан қоғамды рухани жаңғырту мәселесін белгілі бір мерзімді бағдарлама ретінде емес, үнемі дамып, толықтырылып отыратын үлкен идеялық платформа ретінде қарастырған жөн деген пікірді ұсынды.
Сонымен қатар жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру және "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтының жұмысы тақырыбы бойынша жұмыс отырысын өткізді.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шара ZOOM бағдарламасының көмегімен қашықтықтан өтті.
"Отырыс барысында қазіргі уақытта іске асырылып жатқан жобалар талданып, жаңа жобалардың перспективалары атап өтілді. Мемлекеттің сананы жаңғырту жөніндегі қызметі сараланған тәсілге ие болуы, өңірлердегі жұмыстың маңыздылығы, жаңа интернет-жобаларды әзірлеу қажеттілігі талқыланды", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көрді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде үш жыл ішінде 77 кітап жарық көрді. Аударылған оқулықтар Қазақстанның оқу орындарына таратылды. Әр оқулық кем дегенде он мң данамен жарыққа шықты.
Қазіргі таңда бағдарлама аясында шыққан кітаптар Қазақстандағы 132 кітапханаға жеткізіліп, кітапханаларға қойылды. Алдағы уаықтта бұл кітаптардың шығарылымы 25 есеге артады, себебі талап бойынша оқу орындарында әр екі студентке бір кітаптан келуі тиіс. Алайда бүгінгі қолда бар технологияны пайдаланып, бұл кітаптардың электронды нұқсасы қолжетімді болмақ.
Қазір аударылған 77 оқулықтың барлығының электронды нұсқалары және осы кітаптардың негізінде құрастырылған онлайн-курстар, видеодәрістер барлық қазақстандық қолданушыларға тегін қолжетімді болып отыр.