Бүгін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сараптамалық диалог алаңында Азаматтық қоғамды дамыту индексі талқыланды. Аталған талқылауда Қазақстанда азаматтық қоғамның даму индексін өлшеу бойынша қазіргі заманғы әдістемені әзірлеу үшін нақты құралдар мен тәсілдемелердің тұтас кешенін құру мәселелері сөз болды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аталған жиында сөз алған ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрағасы Мадияр Қожахметов азаматтық қоғам дамуының қай кезеңде тұрғанын анықтап алудың маңыздылығына тоқталды.
«Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Азаматтық қоғамды дамыту күн тәртібінің өзекті мәселелерінің бірі. Осы орайда дәл қазір азаматтық қоғам дамуының қай кезеңде тұрғанын анықтап алуымыз маңызды. Үкіметтік емес ұйымдардың қандай проблемалары барын сараптап алғанымыз жөн. Өткенге көз жүгіртсек, егемендігіміздің алғашқы жылдары елімізде бар-жоғы 10-20 ғана ҮЕҰ болған, ал қазір елде 17 мыңдай белсенді ҮЕҰ бар. Ал тіркелгендерінің саны 22 мыңнан асады. Бұл тұрғыда елдегі азаматтық қоғамдардың даму индексін зерттеп, саралап, соған сәйкес әрі қарай жұмыстар жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстар мемлекеттік мекемелер үшін ғана емес, ҮЕҰ дамуы үшін де маңызды», - деді ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрағасы Мадияр Қожахметов.
Диалогтық алаң барысында пікірлерін «Десента» ҚБ бас директоры Сергей Гуляев «Азаматтық қоғамның даму индексі: зерттеудің негіздемесі, нәтижелерді практикалық қолдану» тақырыбындағы баяндамасын таныстырса, адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис азаматтық қоғамды басқару институттары туралы сөз етті.
«Азаматтық қоғам-бұл институттар емес, жалпы қоршаған орта. Бұл ортаны институттар арқылы да, оның даму шарттары арқылы да бағалауға болады. Бірлестіктер, ұйымдар, жалпы қоғамға бей-жай қарамай, өз пікірін білдіріп жүрген барлық топты азаматтық қоғам деп түсіну керек. Бұл өте күрделі, үнемі жаңарып отыратын процесс», - деді адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис.
Сонымен қатар, «Камеда» қоғамдық қорының басшысы Махаббат Еспенова «Талдамалы баяндама ғылыми-әдістемелік көзқарас тұрғысынан азаматтық қоғам институттарын дамытуға мемлекеттің мүдделі екендігін көрсетеді. Маған бұл баяндамада Қазақстанда азаматтық қоғам дамуының ретроспективаларын көрсетілгені ұнады. Шыны керек, осы салада зерттеулер жетіспей жүрген еді» деді.
Диалог алаңы жұмысының қорытындысы бойынша азаматтық қоғамның даму индексін өлшеу әдістемесін жақсарту бойынша сарапшылардың ұсыныстары тағы бір пысықталады.
«Ұсынылған талдамалық баяндама азаматтық қоғамның даму аспектілерін жан-жақты қамтиды. Диалог алаңының қорытындысы азаматтық секторды дамыту бойынша Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне ұсынымдар ретінде жіберіледі. Ұсыныстар біздің жұмысымызда да ескеріледі. Яғни, біз диалогты алдағы уақытта да жалғастырып қана қоймай, одан әрі кеңейтуді ұсынамыз», - деп қорытындылады ҚҚДИ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Кайдарова.
Айта кетейік, бұған дейін, өткен жылы тамыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген болатын. Бұл тұжырымдамада азаматтық қоғам мен оның институттарын дамыту үшін жағдайлар жасау, азаматтарды мемлекет пен қоғамның негізгі міндеттерін талқылауға тарту туралы мәселелер көтерілді.
Диалог алаңы барысында ҚҚДИ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Кайдарова Институт сарапшылары азаматтық қоғамды дамыту индексі бойынша әдістемелік құрал әзірлеп жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта индекс көрсеткіштері Қазақстанда азаматтық ұйымдар әлеуеттерінің зор екендігіне қарамастан мүмкіндіктерін толығымен жүзеге асырмайды», - деп атап өтті ҚҚДИ сарапшысы.
Бұған дейін аталған тақырып бойынша зерттеулерді халықаралық және отандық ұйымдар (USAID, Еуропалық Одақтың DCI, «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры, «Десента» ҚБ) жүргізген.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сараптамалық диалог алаңында Азаматтық қоғамды дамыту индексі талқыланды. Аталған талқылауда Қазақстанда азаматтық қоғамның даму индексін өлшеу бойынша қазіргі заманғы әдістемені әзірлеу үшін нақты құралдар мен тәсілдемелердің тұтас кешенін құру мәселелері сөз болды. Аталған жиында сөз алған ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрағасы Мадияр Қожахметов азаматтық қоғам дамуының қай кезеңде тұрғанын анықтап алудың маңыздылығына тоқталды.