22 мам, 2018 сағат 07:12

Рухани тоқыраудың аяғы һәм бабалар мұрасына оралау

Қай заманда да елдің бірлігі мен тұрақтылығына сызат тигізу үшін елдің мәдениетіне, дініне, құндылықтарына іштей іріткі салып отыру қызығушы тарап үшін тиімді болған. Себебі қоғамның рухани азғындаған, жұтаңдаған кезінде экономика, шаруашылық, өндіріс және т.б өркениетке апаратын маңызды салалар назардан тыс қалып, елдің экономикалық және нарықтық деңгейінің құлдырауына әкеледі.

Жалпы адамзат өз тарихында құпияларды ашуға, өмірдің мәнін түсінуге ұдайы ұмтылып отырған. Ұлы дала көшпенділерінің философиясы да осыны байқатады. Мысалға, Қорқыт атаның өлімнен қашуында, Асан қайғының жерұйықты іздеуінде үлкен философиялық мән жатыр.

Ал қазіргі таңда заман ағымының ілгері басуынан халық әлеуметтік қамтылуды бірінші орынға қойып, тіршілік қамын ойлап, жанталаса еңбектенуде. Әрине, еңбек түбі – береке екені рас. Алайда, адам рухы азықтанбаса, барлығы мардымсыз. Рухани азығын толықтыра алмаған адам азғындап, өмірден түңіліп кетуге дейін барады. Рухани жұтаңдықпен күрестің бірден-бір жолы даналық шығармаларын оқып, көкірек көзін ашу, үнемі өз-өзін жетілдіріп отыру. Рухани бостықты толтыру жолында қаншама жастар дұрыс бағытты таба алмай, теріс діннің арбауына түсіп кетті. Жат ағымдардың арбаушылары сол адамдардың психологиялық күйзелістегі сәтін пайдаланып, қиын сәттерде қолдап, қол ұшын берді.

Міне, бұл ақша табудың қамында жүрген, бала тәрбиесіне көңіл бөлуге, баласымен сырласуға уақыт таппаған ата-аналардың көрген салдары. Отбасылық институттың құлдырауы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жастардың көрсе қызығар инстаграмм парақшаларынан ауқатты өмір сүруді аңсап, соны бірінші орынға қоюы, олардың жеңіл жолмен ақша табуға әуестенуі, ұрлық пен арбаудан құралған сауда-саттықпен айналысуы - міне осылар бүгінгі рухани азғындау көріністері. Мұның барлығына қарсы иммунитет қалыптастыру ата-ана немесе асыраушының бала санасында құндылықтар жүйесі туралы дұрыс түсінік орнықтыруына байланысты болады және тәлім алушы ұрпаққа ұстаздардың білім беруде өмірдегі басты құндылықтар жүйесін түсіндіруін қажет етеді.

Еліміздің болашағы – жастарды дұрыс тәрбиелеуде,қажымай-талмай еңбек етуіміз қажет. Себебі жарқын болашаққа қадам басу мен өркендеу салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеуден басталады..

2017 жылдың 14 сәуіріндегі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында экономикалық даму мен рухани даму қатар айтылған. Ол ұлттық құндылықтарға баулитын түрлі бағдарламалардан көрініс тауып отыр. Ата-баба дәстүрін, жәдігерлерін сақтап, құндылықтарын жаңғырту – рухани жаңғырудың басты қадамы.

Рухани жаңғыру мақаласы рухани жұтаңдыққа төтеп берер жаңа қадамға айналды. Себебі бұл мақала жарық көрген күннен бастап бір жыл бойы толассыз жұмыстар атқарылып келеді. Халықтың ата-баба туындылары мен асыл мұраларымен жақын танысуына кең жол ашылып, руханиятымызға жаңа тыныс берілгендей болды. Алда бұл бағдарлама бойынша көптеген мазмұнды іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Әр қазақ шаңырағы төрінен ұлттық мұрамыз орын алса, болашақ ұрпақтар сабақтастығына айтарлықты үлес қосатыны анық. Бұл өз кезегінде жастарымызды рухани жаңғыртып,ұлттық табиғатымыздан тыс қасиеттер мен әрекеттерден сақтары анық. Әсіресе, қазіргі таңның қасіреті – жастардың жат ағымдарға өтіп кетуінен берік қорғаныш болары айқын. Себебі өз бабаларының діні, салтын білген және оны түсінген кемел ұрпақ басқа жолды таңдау тұрмақ, тіпті ондай күдікті ойға да бармайды.

Елімізді өрге бастыратын ұрпақ тәрбиелеу ұлт мойнындағы аманат деп қабылдау маңызды. Сол бабалар аманатына қиянат жасамай, жүзеге асыру үшін ұрпақ сабақтастығын үзбей, келешегі келісті ұрпақтың тәрбиесіне әр қайсысымыз жауап бере алуымыз керек.

Рухани жаңғыру бағдарламасының қорытынды сөзінде Елбасымыз «Жаңа жағдайда жаңғыруға жеген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп түйіндеуінде үлкен себеп бар. Рухани жаңғыру ол өткен бабалар заманына оралып дәл солар кешкен замандағыдай ақпараттық технология немесе заманауи құрылғыларсыз өмір сүріп, жайлауға оралып қала тынысынан, заманауи дүниелерден жырақтану емес. Керісінше, заман ағымына сай бола отырып, заманауи қазақтың озық бейнесін қалыптастыру қажет. Бұл ұлтымызға тән барлық тарихи, әдеби т.б асыл жәдігерлерімізді бағалап, оны түйсініп, санамызға берік сіңіру арқылы жүзеге аспақ. 

Г.Қалабай,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының аға ғылыми қызметкері