05 нау, 2021 сағат 23:09

Рим Папасы Иракқа келді

Жұма күні Рим Папасы Францисктің Иракқа алғашқы сапары басталды. Бұл - сондай-ақ понтификтің пандемия басталғалы бірінші халықаралық сапары. Бұл туралы The Guardian хабарлады.

5 наурыз күні Рим-католик шіркеуі басшысының ұшағы Бағдад әуежайына қонды. Оны Ирактың премьер-министрі Мустафа Казым мен ұлттық киім киген жергілікті халық қарсы алды.

Мәлім етілгендей, пандемияға және қауіпсіздік мәселелеріне байланысты бұл 84 жастағы Папа үшін тәуекелі ең жоғары сапар болып отыр. Осыған қарамастан, понтифик сапар шегуге табандылық білдіріп, «міндеттемелермен байланғанын» атап өткен. Сондай-ақ ол 1999 жылы Ирактың сол кездегі президенті Саддам Хусейннің үкіметімен келіссөздер жүзеге аспай қалуынан Папа ІІ Иоанн Павелдің сапары тоқтатылғанын меңзей отырып, ирак христиандарын екінші рет қапы қалдыра алмайтынын айтқан. 

Бағдад пен әуежай арасындағы жол бойында жүздеген адам жиналды. Понтифик әуежайдан дәстүрлі түрде «папамобильмен» емес, оқ өтпейтін автокөлікпен шыққан. Оған ондаған көлік кортежі ілесіп жүрді. Ирак астанасының әуежайына таяуда шабуыл жасалғандықтан, ел үкіметі жоғары қауіпсіздік шараларын қолға алған. 

Президент сарайында Папа Францискті Ирак президенті Бархам Салих қарсы алды. Католик шіркеуінің басшысы өзінің алғысөзінде Иракқа келгеніне қуанышты екенін және елді өркениет бесігі деп атады. Сондай-ақ зорлық-зомбылық пен экстремизм актілеріне тоқтау болатынына үміт білдірді. 

Өзінің сапары алдында Папа Франциск Ирак халқына видеоүндеу жолдаған болатын. Онда бұл елге «көптеген жылдар бойғы соғыс пен терроризмнен кейін, Құдайдан кешірім мен татулық сұрау үшін діндәр ретінде, тәубесіне келген діндәр ретінде бара жатқанын» айтқан еді.

Түрлі статистика бойынша, бүгінде Иракта 250 мыңға жуық христиан тұрады. Олардың шамамен үштен екісі халдей католиктері болып табылады. Шіркеулері өздерінің дербес литургиясы мен дәстүрін сақтап келеді. Дегенмен, Рим Папасының билігін мойындауда. 

Хабарланғандай, Папа Францикс пен оған ілесіп жүрген делегация сапар алдында коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасын салдырған. 

Рим-католик шіркеуінің басшысы елге сапары барысында ирак шейіттерінің басшысы аятолла Әли әл-Систанимен кездесуге, көне Ур қаласында өтетін дінаралық шараға қатысады. Жексенбі күні понтифик Мосулға барады. Онда терроризм құрбандары үшін дұға оқиды. Одан кейін Қаркошке жол тартып, Эрбиле стадионында литургия өткізеді.