Ресей Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшақтары Краснояр өлкесі мен Иркутск облысындағы өртті сөндіруге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жұма күні Ресей қорғаныс ведомствосы хабарлағандай, тікұшақтар табиғи өртпен күресу үшін күн сайын 10-15 рейс жасайды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, әскери ведомство РФ президенті Владимир Путиннің тапсырмасы бойынша Ил-76 маркалы 10 ұшақ пен Ми-8 маркалы 10 тікұшақтан құралған авиациялық топ жасақтады. Олар Краснояр өлкесіндегі өртті сөндіруге көмектеседі.
«Өртті сөндіруге тартылған барлық тікұшақтар көлемі 5 тонна болатын ВСУ-5 су шашу құрылғысымен жабдықталған», - делінген хабарламада.
Федералдық «Авиалесоохрана» дерегі бойынша, 1 тамыздағы жағдайға сәйкес Ресейде аумағы 116089 гектарлық 165 орман өрті сөндіріліп жатыр. Күрделі аумақтарда 2,9 млн гектар орман жанып жатыр. Өрттің көлемді шарпыған аумағы – Якутияда. Онда 1,2 млн гектар тайга, Краснояр өлкесінде – 1,1 млн гектар және Иркутск облысында – 700 мың гектар отқа оранған. Орман өртін сөндіруге 2,9 мың адам, 420 техника, 48 әуе кемесі жұмылдырылды.
Орман өртіне байланысты РФ төрт субъектінде - Иркутск облысы мен Краснояр өлкесінің барлық аумағында, Бурятия мен Якутияның бір ауданында ТЖ режимі енгізілді.
Сібірдегі орман өртінің түтіні Қазақстандағы жеті облысты басты. Алайда ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Ресейдің Сібір аумағындағы өрттің таралуы Қазақстанға қауіп тудырмайтынын мәлім етті.
Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Владимир Путинге Сібірдегі орман өртін өшіруге көмек ұсынған болатын.