17 ақп, 2022 сағат 11:50

Режиссер Фархат Шәріповтің фильмі Берлинде гран-приге ие болды


Қазақстандық режиссер Фархат Шәріповтің «Схема» атты фильмі 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде гран-приді ұтып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық фильм айтулы байқауға Generation (балалар және жасөспірімдер туралы фильмдер) бағдарламасы бойынша қатысты. Жүлде фильм режиссері Фархат Шәріповке тапсырылды. 

«Түсірілім тобына маған деген сенімі мен еңбегі үшін алғыс айтамын. Одан бөлек, фильмге түскен жас әртістерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Берлиндегі командаға және бізді шақырғаны үшін рахмет! Байқауға қатысқанымызға қуаныштымын! Фильм жасөспірімдер туралы және жасөспірімдерге арналған», - деп ағынан жарылды Шәріпов.

Фильм кастингке келген жасөспірімдердің ашық әңгімесі негізінде түсірілді. Фархат Шәріповтің еркін айтылмайтын жабық тақырыпты қолға алуы бірінші рет емес. 

Түсірілім 2020 жылдың күзінде Алматыда басталды. Басты рөлдерде - Виктория Романова мен Таир Свинцов. Қоюшы оператор - Александр Плотников, қоюшы суретші - Алексей Шиндин, ал продюсері - Дина Жұмабек. 

«Схема» фильмін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қатысуымен Medeor кинокампаниясы түсірді.