13 нау, 2022 сағат 12:15

Ресейде Инстаграмның орнына Одноклассники мен Вконтакте желілеріне көшуге кеңес берілді


Ресей билігі ел аумағында Инстаграм желісінің бұғатталғанын хабарлап, азаматтарға "Одноклассники" және "Вконтакте" желілеріне көшуді ұсынып жатыр. 

Бұғаттау себебін "түсіндірген" биліктің айтуынша, "әлеуметтік желі басшылығы халықаралық құқыққа қайшы әрекет етіп, тарихта тұңғыш рет ресейліктерге ғана күш қолдануға шақыруға рұқсат берген". 

Инстаграмға иелік ететін Meta компаниясы жұма күні Украинаға басып кірген Ресей әскеріне қатысты балағат сөздерді қолдануға тек Украина аумағында ғана рұқсат бергенін хабарлады. Компания дегенмен русофобия мен кез келген дискриминацияға жол бермейтінін ескертті. 

Ресейде Инстаграм 14 наурызда жабыла бастайды. "Роскомнадзордың" айтуынша, белсенді қолданушыларға фото-видео материалдарын өзге әлеуметтік желілерге көшіруге уақыт берілген. 

Бұған дейін Ресей бас прокуратурасы Meta компаниясына қарайтын Facebook, Instagram және WhatsApp желілерін экстремистік ұйым деп таныған. Соттан Инстаграмды бұғаттауды жеке талап еткен.