Ресейдің Ростов облысында жасөспірім басқарған автокөлік жол апатына ұшырады. Соның салдарынан көліктегі алты адамның бесеуі қаза тапты. Бұл туралы жексенбі күні өңірдегі РФ ІІМ Бас басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ресейлік ТАСС агеттігіне сілтеме жасап.
«Алдын ала мәліметтер бойынша көлік құралын 2007 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған. Автокөлікте алты адам болған. Зардап шеккен бір адам жансақтау бөлімінде жатса, қалғаны көз жұмды», - делінген ведомство хабарламасында.
Новочеркасск мэриясы өз кезегінде зардап шеккен баланың жағдайы орташа ауыр екенін айтты.
Ростов облысы Жол қозғалысы қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясы басқармасының үгіт-насихат бөлімі алдын-ала мәліметтер бойынша, қайтыс болғандардың барлығы кәмелетке толмаған балалар екенін нақтылады.
«Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы болған жерде жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, жол апатына байланысты жағдайлар мен себептер анықталу үстінде», - деді инспекция өкілі.
Жол-көлік оқиғасы жексенбіде Мәскеу уақытымен 04:30 шамасында Новочеркасск қаласында болған. «Hyundai Accent» маркалы автокөлігі Машинажасау көшесіндегі №4 үйдің ауласындағы ағашқа соғылған. Көлікте болған адамдардың кім екені анықталуда.
Ростов облысының прокуратурасы жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы заңнаманың сақталуын тексеріп жатыр, деп хабарлады қадағалау департаментінің баспасөз қызметі. Тексеру барысында рөлде болған кәмелетке толмаған баланың ата-аналары мен заңды өкілдерінің іс-әрекеттеріне баға беріледі, сондай-ақ прокурорлық ден қою шаралары қабылданады.