Ресейдің Новосібір қаласындағы Гусинобродский тасжолында орналасқан жанармай құю стансасында өрт шығып, резервуарлар жарылды. Бұл туралы РИА Новости төтенше жағдайлар қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Өрттің алдын ала себебі - газтасымалдаушы көлікті босату кезінде сыртқа шыққан газ.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеті минут ішінде келіп жеткен. Олар қауіпсіз қашықтықта жұмыс істеуде.
«Еврогаз» компаниясы өкілінің айтуынша, от көлікке жанармай құйып жатқанда тұтанған. Бір жүк көлігі мен бір жеңіл көлік жанып кеткен.
Жалын шарпыған аумақ - 800 шаршы метр. Өрт қаупі жағынан үшінші (жоғары) деңгейге жатқызылған. Оқиға орнында сұйық отын құйылған резервуарлар қайта-қайта жарылып жатыр, ТЖМ жеке құрамы қауіпсіз қашықтықта жұмыс істеуде.
ТАСС ақпарат агенттігінің мәліметінше, қазірдің өзінде кем дегенде бес жарылыстың даусы естілген.
Тілсіз жаудан тұрғын үйлерге қауіп жоқ, дегенмен от жапсарлас орналасқан қойманы шарпуы мүмкін.
Облыстық денсаулық сақтау министрлігінің өкілі төтенше жағдай салдарынан 21 адам зардап шеккенін, олардың сегізінің жағдайы ауыр екенін айтты.
Прокуратура тексеруді бастап кетті.