11 сәу, 2018 сағат 07:30

Ресейде тікұшақ құлап, 6 адам мерт болды (Видео)

Ресейдің Хабаровск қаласындағы көшелердің біріне тікұшақ құлап, алты адам көз жұмды, деп хабарлайды ТАСС.

Бұл туралы ақпаратты Ресей ТЖМ растап отыр.

РИА Новостидің мәліметінше, Хабаровскіде Ми-8 тікұшағы құлаған. Тікұшақ 11 сәуірде Мәскеу уақыты бойынша сағат 4.30-да апатқа ұшыраған.

"Қаза тапқандардың денелерін анықтап, олардың туыстарымен психологиялық жұмыстар жүргізіледі", - деп жазады басылым өңірлік денсаулық сақтау министрі Александр Витькоға сілтеме жасап.

Сондай-ақ, тікұшақтың құлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылады.

"Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің тергеу органдарының қызметкерлері Ми-8 тікұшағының құлау дерегі бойынша РФ Қылмыстық кодексінің 263-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады", - делінген хабарламада.

Қылмыстық істі тергеу аясында тікұшақтың құлауына қатысты оқиғаның мән-жайы анықталатыны айтылады. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.