08 там, 2019 сағат 14:45

Ресейде тағы бір әскери бөлімшеде жарылыс болды, адам шығыны бар

Ресейдің Архангел облысының Северодвинск қаласындағы әскери бөлімшеде өрт шығып, бір адам қаза тапты. Кем дегенде 10 адам зардап шеккен. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

Шұғыл қызмет өкілдерінің мәлімдеуінше, кемеде оқыс оқиға болған, қазір ол өртеніп жатыр.

Архангельск облысының губернаторы Игорь Орлов оқыс оқиғаның болғанын растады. «Зардап шеккендер бар, қазір санитарлық авиация жіберілді», - деді ол.

Хабарларға қарағанда, Северодвинскіден 30 шақырым арыдағы әскери бөлімшеде жарылыс болған. Кей деректерге қарағанда екі адам қаза тауып, 15 адам зардап шеккен.

Еске сала кетейік, үш күн бұрын Ресейдің Красноярск өлкесіндегі Ачинск ауданында орналасқан әскери бөлімнің аумағында жарылыс болып, өрт шыққан еді.