Гамалея атындағы орталық жасаған коронавирусқа қарсы мұрынға тамызатын вакцина клиникалық зерттеулер мен тіркеуден өткеннен кейін азаматтарды қайта вакциналау кезінде қолданылады. Бұл туралы бейсенбі күні Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі журналистерге мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Сынақтар аяқталып, тіркеу куәлігі алынғаннан кейін препарат азаматтарды қайта вакциналауда қолданылады», - делінген хабарламада.
2021 жылдың қазанында Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігі Гамалея атындағы орталыққа коронавирусқа қарсы мұрынға тамызатын вакцинаның клиникалық зерттеулерінің екінші фазасын өткізуге рұқсат берген.
Бұдан бұрын Орталық басшысы Александр Гинцбург аталған вакцинаның кәдімгі вакцинаны егуден босатпайтынын, оның тек инфекциямен күрес жолындағы тағы бір қосымшаға айналатынын айтып өткен.
Ғалымның сөзінше, мұрынға тамызатын вакцина жұтқыншақ пен мұрын қуысының қосылған жерінде жергілікті иммунитет қалыптастырып, вирусты ағзаға кіргізбеуге көмектесетін қосымша шара болмақ.