Ресейде 20 мен 29 жас аралығындағы әйелдер саны 2010 жылдан бері 37,5%-ға төмендеді және қазір 7,5 миллионнан сәл асады, бұл туу санының төмендеуіне әкеледі, деп жазады "Ұлт ақпарат" ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Бұл туралы Ресей вице-премьері Татьяна Голикова мәлімдеген.
«КСРО-ның ыдырау кезеңі туралы айтпасқа болмайды. Өйткені КСРО-ның ыдырау кезеңінде және әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын болған 90-шы жылдары туған ұрпақ қазір репродуктивті жасқа келді. Айта кету керек, 20-29 жас аралығындағы әйелдер саны қазір 7,5 миллионнан астам адамды құрады және 2010 жылмен салыстырғанда 37,5%-ға азайды. Біз репродуктивті жастағы әйелдер санының мұндай күрт төмендеуі Ресей Федерациясында туудың төмендеуіне әкелетінін түсінеміз», – деді ол Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы әлеуметтік саладағы қамқоршылық кеңесінде.
Вице-премьер 2020 жылы 992 мыңға жуық отбасы бірінші баланың тууына немесе асырап алынуына байланысты төлем алғанын хабарлады. Сондай-ақ, 1,2 млн отбасы ана капиталына сертификат алған.