Іздеу жұмыстары барысында ресейлік құтқарушылар Мәскеу маңында апатқа ұшыраған Ан-148 ұшағының «қара жәшігін» тапты. Бұл туралы Мәскеу облыстық ТЖМ басқармасының басшысы Сергей Полетыкин хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Іздеу жұмыстары жүріп жатқан 18 сектордан қара жәшік табылды. Қазір мамандар ақпараттар сақталған жабдықты анықтап, идентификациялық жұмыстар жүргізуде», - деді ол.
С.Полетыкиннің айтуынша, ұшақ қирандыларының шашырау шекарасын нақтылау және зерттеу үшін тоғыз арнайы ұшатын аппарат қолданылуда. «Іздеу жұмыстары жүріп жатқан жер 29 секторға бөлінген, оның әрқайсысына бір-бір аға қызметкер тағайындалған. Ұшақ қирандыларын жинайтын арнайы алаң дайындалды. Қазір негізгі күш мәйіттер мен ұшақ қалдықтарын жинап алуға бағытталған», - деді ол.