15 там, 2019 сағат 10:41

Ресейде Airbus ұшағы апатты жағдайда қонды

«Урал әуе жолдары» әуе компаниясының Airbus A321 жолаушылар ұшағы Жуковский әуежайы маңында апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды. Ұшақ Симферопольға ұшып шыққан, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Жедел қызметтің мәліметіне сәйкес, ұшақ Рыбаки деревнясына жақын маңдағы жазыққа қонған. Барлық жолаушылар эвакуацияланды. Экипаждың жеті мүшесін қосқанда ұшақтың бортында 234 адам болған. Көлік прокуратурасының мәліметіне сәйкес, ұшақта 220 жолаушы, 6 бала және 5 экипаж мүшесі болған.

Жедел қызмет өкілі мәлім еткендей, ұшақтың қозғалтқышы өртенген, дегенмен өрт әуе бортына жетпеген.

Ұшақтың жанып жатқан қозғалтқышы қонатын кезде түсіп қалған.

Медицина қызметінің өкіл ұшақ қонған сәтте он адам зардап шеккенін, олардың арасында бес бала болғанын мәлім етті.

Росавиацияның ақпаратына сәйкес, төрт жолаушы ауруханаға жеткізілді. Белгілі болғандай, адамдардың басым көпшілігі жарақат алған. Оқиға орнында 20 жедел жәрдем бригадасы және екі тікұшақ жұмыс жасауда.

Зардап шеккендер туралы ақпарат әлі анықталу үстінде.

Әуе тасымалдаушысының бас директоры Сергей Скуратовтың айтуынша, ұшақтың екі қозғалтқышы жұмыс істемей қалған. Ұшаққа құстар соғылып, екі қозғалтқыш бірден істен шыққан.

Эвакуацияланған адамдар қону орнынан 300 метрге алшақ әкетілді. Көлік прокуратурасы «Урал әуе жолдары» ұшағымен болған жағдайды тексеруге кірісті. Лайнердің апаттық жағдайда қонуға мәжбүр болған орнына РФ Тергеу комитеті тобы аттанды. Оқиға себептерін анықтау үшін Жуковскийде арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды.