Ресей Жоғарғы соты "Новая газета" сайтының бұқаралық ақпарат құралы лицензиясын қайтарып алды. Мұның алдында "Но" баспа басылымы мен журнал-қосымшасы да лицензиядан айрылған.
"Роскомнадзор" "Новая газета" сайтына екі рет ресми ескерту жасап, одан соң оның үстінен сотқа арыз түсірген. Ресейдегі бұқаралық ақпарат құралдарына цензура орнатқан бұл мекеме сайттың "шетел агенті" белгісін қоймағанына шағымданған.
Редакция биыл көктемде "Роскомнадзор" ескертулеріне қарсы сотқа шағымдануға талпынды, алайда бұл арыздар әлі күнге дейін қаралған жоқ, деп хабарлады "Новая Газета. Европа" басылымы.
"Новая газета" 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Редакция журналисттік зерттеулері мен адам құқықтарын қорғау қызметі үшін ресейлік және халықаралық сыйлықтарға ие болды.
Оның бас редакторы Дмитрий Муратов сөз еркіндігін қорғағаны үшін Нобельдің бейбітшілік сыйлығын алған. Биыл наурыз айында редакция жұмысын уақытша тоқтатып, елдегі әскери цензура жағдайында Ресейдегі оқиғалардан хабар тарату мүмкін болмай қалғанын мәлімдеді.
Соған қарамастан, газет сайты мен оның қосымшасы бұғатталды. Бұған қоса, "Роскомнадзор" басылымның бұрынғы қызметкерлері Ригада ашқан "Новая газета. Европа" сайтын да бұғаттады.