13 жел, 2024 сағат 15:47

Ресей Украинадағы энергетикалық жүйеге тағы да шабуыл жасады


Getty Images

"Укрэнерго" компаниясы Ресейдің жаппай шабуылынан кейін Украинада электр энергиясын сөндіру шараларының кеңейтілгенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

"Энергетиктер энергетикалық жүйеге теріс әсерді азайту үшін қажетті барлық шараларды қабылдауда. Қауіпсіздік жағдайы реттелгеннен кейін, келтірілген шығындар нақтыланатын болады", – делінген хабарламада.


Сонымен қатар, "Укрэнерго" 13 желтоқсан күні таңертең Telegram-да елдегі энергетикалық нысандарға жасалған жаппай ракеталық шабуылдан кейін энергия тұтынуды шектеу шараларының ауқымы артқанын мәлімдеді.

"Актуалды өшіру кестесін өзіңіздің облыстық энергиямен жабдықтау компаниясының сайтынан немесе ресми парақшаларынан көре аласыз", – делінген хабарламада.


РЕСЕЙ ШАБУЫЛЫ

Украинаның "Думская" онлайн-басылымы Одессадағы тілшісіне сілтеме жасап, 13 желтоқсан күні таңертең қалада бірнеше жарылыс болғанын хабарлады.

"Ресей Қара теңізден "Калибр" және баллистикалық зымырандармен қаламызға шабуыл жасады", – деп жазылған мақалада.


Басылымның мәліметінше, 13 желтоқсан күні таңертең Одессаның кейбір аудандарында электр және су беру тоқтатылған.
Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипер шабуыл салдары туралы Telegram-да ақпарат жарияламаған.