03 мау, 2024 сағат 16:54

Ресей шекарасына адыраспан алып кіруге тыйым салынды

фото: bukhara-news.uz

Ресей Федерациясының қолданыстағы заңнамасына сәйкес адыраспан өсімдігі құрамында есірткі немесе психотроптық заттар немесе олардың прекурсорлары бар өсімдіктер тізіміне енгізілген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл өсімдікті Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткізгені үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және бір миллион рубльге дейінгі немесе сотталған адамның бес жылға дейінгі кезеңде жалақысы немесе басқа кірісі мөлшерінде айыппұл түрінде немесе онсыз және бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен немесе онсыз қылмыстық жауаптылық қарастырылған, ал өсімдікті аса ірі мөлшерде  әкелгені үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», – делінген хабарламада.


Жазғы демалыс кезінде Ресейге баратын  азаматтар саны артады. Соған байланысты Бас прокуратура азаматтарға аталған өсімдікті Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізуден бас тартуы керектігін ескертті.

Туризм және спорт министрлігі жыл басында 2023 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанға ең көп турист Ресей Федерациясы мен Қытай Халық республикасынан келгенін хабарлады.

Ал Қазақстандықтар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және БАӘ, Қытай, Мысыр, Гүржістан елдеріне саяхаттаған.