27 нау, 2017 сағат 10:35

Ресей премьер-министрі халық ереуілі кезінде шаңғы теуіп жүрген

26 наурызда Ресей қалаларында жемқорлыққа қарсы күрес атты ұранмен халық жаппай ереуілге шықты. Халықтың ашуын тудырған жағдай - қымбат мүлік пен көптеген элиталы тұрғын үйлердің сатып алынуы. Бұл дауға РФ премьер-министрі Дмитрий Медведевтің қатысы болуы мүмкін. Алайда үкімет басшысы аталмыш мәселеге қатты уайымдамайтын секілді. Ол халық ереуілге шыққан сәтте шаңғы теуіп, демалып жүрген. Бұл мәлімет әлеуметтік желілер арқылы белгілі болды, деп хабарлайды ресейлік БАҚ.

Дмитрий Медведевтің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында @ispiridonoff есімді қолданушы оған «Сәлем! Күнің қалай өтуде?» деп сұрақ қойған.

Өз кезегінде үкімет басшысы сауалға: «Жаман емес, шаңғы тептім», - деп жауап берген.

Желі қолданушысы сауалын премьер-министрге 8 наурыз күні жариялаған суретінің астында қалдырған. Фотода РФ премьер-министрі: «Құрметті әйелдер қауымы, сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздерге бақыт пен махаббат тілеймін» деп жазған. Ол суретін халықаралық әйелдер күні мерекесінде жариялаған.

Ал @ispiridonoff желі қолданушысының «Instagram» желісіндегі парақшасында Пермь қаласында жемқорлыққа қарсы күрес атты ұранмен өткен халық ереуілінің фотолары бейнеленген.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 26 наурыз күні Ресейда халық жемқорлыққа қарсы митингке шықты. Оны оппозиционер Алексей Навальный ұйымдастырған. Ол қазіргі таңда қамауда отыр.

Полицияның мәліметіне сәйкес, Мәскеудің орталық көшесі Тверскіде 8 мыңнан астам адам ереуілге шыққан. Ал оппозиция 25-30 мың тұрғынның митингке қатысқандығын айтуда.

Ереуіл кезінде мәскеулік тәртіп сақшылары 900-ден астам адамды қамауға алған. Митингке қатысқан азаматтардың айтуынша, ұсталған тұрғындардың қатарында кәмелеттік жасқа толмағандар да бар екен. Қолға түскен белсенділердің жартысы әлі күнге дейін қамаудан босатылмаған. Кейбір мәліметтерге сәйкес, тәртіп сақшылары митингке шыққандары таяқпен ұрып-соққан.

Халықтың ашуын тудырған Навальный қоры жүргізген зерттеудің қорытындысы. Яғни қымбат мүлік пен көптеген элиталы тұрғын үйлердің сатып алынуы. Бұл даулы оқиғаға қазіргі РФ премьер-министрі Дмитрий Медведевтің қатысы болуы мүмкін.

Қордың жүргізген зерттеуіне сәйкес, үкімет басшысы қымбат дүние-мүліктердің иесі болуы мүмкін. Ол активтерді коммерциялық емес қорлар арқылы басқарады-мыс. Ал аталмыш қорлардың басында премьер-министрдің бірге оқыған достары отыр екен.

Навальный қоры премьер-министрдің меншігінде Италияның Тоскана облысында жүзім алқабы, яхта, элиталы тұрғын үйлердің бар екендігін анықтаған. Алайда бұл дүние мүлік ресми түрде офшорлық компанияға тиесілі. Бірақ Навальный қорының қызметкерлері бұл қымбат мүліктер Дмитрий Медведевтің жеке меншігінде деген пікірде.

Сонымен қатар жемқорлыққа қарсы митинг Мәскеуден басқа, Санкт-Петербор, Екатеринбург, Барнаул, Томск, Чебоксары, Қазан және т.б. қалаларда өткен. Оған мыңнан астам адам қатысқан. Митингке қалалық билік тарапынан рұқсат берілмеген. Ереуілге шыққандардың басты талабы - премьер-министрге қатысты тергеудің жүргізілуі.

Дәурен ЕРБОЛАТ, baq.kz