Химкидегі тоғыз қабатты үйде жарылыс болып, соның салдарынан өрт шықты. Нәтижесінде үш адам қайтыс болды, олардың бірі – бала. Тағы төртеуі зардап шекті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Зеленая көшесі, 16 үй» мекенжайында орналасқан үйде өрт шыққаны жайлы хабарлама төтенше жағдайлар министрлігіне 19 наурызда сағат 10:24-те келіп түскен.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, ғимаратта бес пәтер өртенген. Сегізінші және тоғызыншы қабаттар арасында бөлме аралық қалқалар мен жабындар опырылып құлады.
Куәгерлердің айтуынша, бірнеше қабаттағы балкондар қирап, көптеген терезе сынған. ТЖМ мәліметінше, опырылған жердің алаңы 25 шаршы метрді, өрт алаңы 12 шаршы метрді құрады.
Төтенше жағдайлар қызметі бастапқыда «жарылыс кезінде ер адам қайтыс болды, әйел жарақат алды, екі бала үйінді астында қалды» деп хабарлады. Кейінірек олардың біреуі құтқарылды, ал екіншісі өлі табылды.
Дереккөздің хабарлауынша, тұрмыстық газ жарылған. Қазір жарылыстың екі себебі қарастырылуда – газ жабдықтарының ақауы және газдың ағып кетуі. Төтенше жағдайдан кейін үйдегі 30-дан астам пәтер газдан ажыратылды. Зардап шеккен үйдің екі кіреберісінің тұрғындары эвакуацияланды, олар уақытша орналастыру пунктіне жеткізілді.
Тергеу комитеті үш адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев Химки қалалық округінің басшысы Дмитрий Волошинге жарылыс болған үйдің тұрғындарына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.