Ресей Қазақстанға Сладкое көлін сыйға тартты деп тура айтуға болмайды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлімдеді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
"Біріншіден, Ресей Қазақстанға көл сыйлады деу орынды емес. Өйткені көлдің бір жағы баяғыдан Қазақстан аумағына кіреді. Шекара 2005 жылдың 18 қаңтарындағы келісім бойыша орнатылған. Аталған аймаққа шекаралық белгілер орнатылды. Бұл аумақта ешқандай айырбас болған жоқ", - дейді Жайнақов.
Новосібір облысындағы Купино аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан Сладкое көлін Қазақстанға беру туралы ақпарат Ресейдегі Қазақстан елшілігінің сайтында 15 тамызда жарияланған.
"Купин ауданының басшысы Владимир Шубинковтың сөзінше, көлдің бір жағы онсыз да Қазақстан аумағында болған, сондықтан қалған бөлігін жылжыта салу керек болды. Демаркация 10 сәуірде аяқталған болатын. Демаркациядан кейін Сладкое көлі толықтай Қазақстан аумағына кірді", - делінген ведомство хабарламасында.
Ресейлік БАҚ-тың мәліметі бойынша, көлде жергілікті халық жиі демалатын, қазір оларға шекараның өзгергені туралы ескерту айтылып жатыр. Ресейдегі Қазақстан елшілігінің ақпараты бойынша, көл суы зиянсыз және емдік мақсатта пайдалы екен.
"Сладкое көлінің су құрамында - натрий ионы, хлор, гидрокорбанаттар, бор және өзге де минералды тұздар бар. Су өте жұмсақ - құрамы жағынан сабынды су сияқты. Көл суында балық жоқ. Көл суы құрамына байланысты қыста қатпайды. Көл суы мен лайын пайдаланып, тері, асқазан мен ішек, пародонтоз, аллергия, қимыл-тірек жүйесінің ауруларын емдеуге болады және иммунитет пен шашты күшейтуге септеседі", - делінген сайтта.
Сонымен қатар, бірқатар ресейлік БАҚ-та көл суының пайдасыз екені айтылған. "Біздің ауданда Горькое көлі бар - міне ол емдік. Ал Сладкое көлі - жартылай көл, жартылай лай, мүлде пайдасыз", - деп келтіреді Купино ауданының басшысы Владимир Шубинковтың сөзін "НГС.Новости" сайты.