Ресейдің барлық банктерінің Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерінің карталары РФ-те жұмыс істей береді. Осы карталарға байланған шоттағы қаражат толық сақталады. Бұл туралы Ресей Орталық банкі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Ресей банктері шығарған Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерінің бүкіл карталары олардың қолдану мерзімі аяқталғанға дейін Ресей аумағында қалыпты режимде жұмыс істей береді. Олар бойынша операциялар ел ішінде Төлем карталарының ұлттық жүйесінде жүзеге асырылады және оларға санкция ықпал етпейді. Осы карталарға байланған шоттағы қаражат толық сақталады және кез келген уақытта қолжетімді», - деді орталық банк.
Ресейдегі осы карта иелері банкоматта операция жүргізе алады, картамен төлем жасай алады, картадан картаға ақша жібере алады.
Орталық банк Visa және Mastercard карталары бойынша трансшекаралық операциялар қолжетімсіз екенін ескертті.