15 там, 2019 сағат 13:38

Райымқұлова Токио Олимпиадасына дайындық қалай жүріп жатқанын айтты

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2020 жылы Токиода өтетін 32-ші Жазғы Олимпиада ойындарына дайындық қалай жүріп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жапония астанасы – Токиода өтетін 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына бір жылдан аз уақыт қалды. Олимпиадаға дайындық белсенді түрде жүріп жатыр. Осы жыл көлемінде Ұлттық құрамалар 28 лицензиялық Әлем чемпионатына, 19 Азия чемпионатына және бірнеше әлемдік іріктеу турниріне қатысуды жоспарлап отыр. Оларда Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысу квоталары беріледі.

2020 жылы 3 әлем чемпионатына, 19 Азия, 18 әлемдік іріктеу турниріне қатысу көзделіп отыр. Олимпиада басталғанға дейін қазақстандық спортшылар лицензиялық және рейтингтік ұпайларды жеңіп алу үшін елуден астам әлем кубоктарында бақ сынайды, нәтижелері бойынша Олимпиада ойындарына қатысушылар анықталады», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуына қарағанда, жоспарланған старттардың нәтижелері бойынша 2016 жылғы Олимпиадағыдай лицензиялар санын жеңіп алу міндеттері қойылып отыр.

«Спортшыларымыздың халықаралық ареналар мен Олимпиада ойындарынан олжалы оралуларына тілектеспіз», - деді ол.

Ал Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің сөзіне құлақ ассақ, қазірдің өзінде қазақстандық спортшылардың қоржынында спорттың 6 түрі бойынша 10 лицензия бар.

«Лицензия алғандардың қатарында Ольга Рыпакова, Дмитрий Баландин, Георгий Шейко, стендті ату спортының командасы бар», - деді ол.