26 сәу, 2021 сағат 17:31

«QazVac» вирустың мутацияланған штамдарына төтеп бере ала ма?


«QazVac» вакцинасы вирустың мутацияланған штамдарына да төтеп бере алады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында ҚР клиникалық және іргелі медицина академигі, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры Сәкен Әміреев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан эпидемиологиясының негізін қалаушы Сәкен Әміреевтің айтуынша, отандық вакцина инактивацияланған, оның дозасы 0,5 мл/доза және бұлшықетке егіледі. Құрамында SARS-CoV-2 тазартылған инактивирленген тұтас вирионды штаммы бар. Мұндай вакциналар дене температурасын көтермейтін жеңіл асқынуларға ие. «Спутник-V» сияқты, ол да екі компонентті және 21 күндік интервалмен енгізіледі. 

Спикер қала тұрғындарын коронавирустан екпе алуға асығуға шақырды, өйткені әлемде бүгінгі таңда бұл инфекцияны жұқтырғандар саны 146 млн асты. 

«Осы уақытқа дейін коронавирустан шамамен 3 млн астам адам қайтыс болды. Егер халық әлі де күтіп, екпе салдырмаса, біздің қанша адамды жоғалтатынымыз белгісіз. Вакцина аурудың алдын алатынын есте сақтау керек. Бұл халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыруы үшін қажет. Эпидемиология заңы бойынша иммундық қабат пайда болуы үшін халықтың 60% және одан көп бөлігі вакцинациялануы қажет.Ұжымдық иммунитет осындай көрсеткіштер болған кезде қалыптасады», - деді Сәкен Әміреев. 

Ол халқының 84%-дан астамы екпе алған Израиль мемлекетін мысалға келтірді. Жаппай вакцинацияның арқасында карантиндік шаралар ішінара әлсіреді. 

Спикер антиденелерді тексерудің соңында жүріп, қаражат пен уақытты ысырап етпеуге шақырды. 

«Халық кейде екпе жасамау үшін себеп іздейді. Ауруды жасырудың қажеті жоқ, сонымен қатар коронавируспен ауырғандардың иммунитеті әлсіз екенін есте ұстаған жөн, сондықтан олар қалпына келгеннен соң 6 айдан кейін вакцинациялануы керек. Вакцина жалпы жақсы өтеді. Вакцинаны алғандар өздерін жақсы сезінеді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, халыққа жүгінгім келеді: вакцинациядан қорқудың қажеті жоқ, COVID-19 вакцинациясы – алдын алудың сенімді тәсілі», - дейді профессор. 

Сонымен қатар, ол «QazVac» вакцинасы вирустың барлық мутацияланған штамдарына төтеп бере алатынын тілге тиек етті. 

«Инактивтендірілген вакцина толығымен вирионнан жасалған және онда ақуыздардың барлық спектрі сақталған, сондықтан кез келген мутация кезінде «QazVac» вакцинасынан кейін қалыптасқан антиденелер вирусты таниды, оны залалсыздандырады және жаңа вируспен кездесу жағдайында инфекция туралы ақпаратты сақтайды», - деп түсіндірді ол.