27 мам, 2021 сағат 18:22

QazCovid-in клиникалық сынағының үшінші сатысы қашан аяқталады?


Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылым-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің қорытынды үшінші сатысы қалай өтіп жатқандығын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үшінші саты жалғасып жатыр. Бүгінде үшінші саты сынақтары 90 пайызға аяқталды, содан кейін уақытша тіркеуге сәйкес медициналық қолдануға рұқсат берілді. Біз алғашқы топтамасын шығардық. Күні кеше ғана, 25 мамырда институт қосымша 50 мың дозаны «СҚ Фармация» хабтарына жөнелтті», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұқбатында. 

Оның атап өтуінше, клиникалық сынақтың үшінші сатысы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. 

«Бүгінде аталған хаттамадан ауытқу болған жоқ. Үшінші саты осы жылдың 9 шілдесінде аяқталады. Үшінші саты аяқталғаннан кейін мәліметтерге үлкен сараптамалық өңдеу жүргізіледі. Бұл асқан дәлдікті талап ететін ауыр процесс және шілде айының соңында зерттеудің барлық сатысына қатысты қорытынды есеп болады. Оны бекітілген тәртіппен Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынамыз», - деді Күнсұлу Закария.