26 мау, 2021 сағат 12:48

Президент ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерген мәселе бойынша заңға өзгеріс енгізілді

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында көтерген мәселе шешімін тапты. Маусымның соңында Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Айта кетейік, мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны өсіп келе жатқанын, бірақ мұндай мамандандырылған ұйымдардың жұмыс істеуі бойынша қолданыстағы нормалар ескіргенін атап өтті.

Соған байланысты Президент өңірлердің ерекшелігін және заманауи стандарттарды ескере отырып, осы саладағы нормативтерді жаңартуды тапсырған болатын. Енді бұл заң қабылданған соң аталған салада бірнеше өзгеріс енгізілмек.

Заң ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалмаған мектеп басшылары тарапынан жауапкершілікті көздейді. Ол сондай-ақ инклюзивті және арнайы білім берудің нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге бағытталған. Заң оны адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қағидаттарына және мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияның ережелеріне сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, білім беру саласында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдарды өзін-өзі жетілдіру және білім берудің барлық деңгейлерінде өмір бойы оқуын жалғастыру үшін жағдайлармен қамтамасыз ету бөлігінде мемлекеттік кепілдіктер белгілеу көзделген.

Сондай-ақ, заң жобасында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметін қалыптастыру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау үшін арнайы жағдайлар жасауды реттеу қарастырылған.

Білім алушының даму ерекшеліктеріне байланысты оқу бағдарламаларының вариативтілігін, икемділігін қамтамасыз ететін нормалар енгізілген.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру 2022 жылғы 1 қыркүйектен басталады.

Бұл заң жобасын президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин де түсіндірген еді. Оның сөзінше, аталған заң жобасында ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін оқу бағдарламалары бейімделіп, олар үшін жеке-дамыту бағдарламалары әзірленеді.

"Аталған заң жобасында ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу енгізіледі. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі әзірленетін болады", - деп түсіндірді Ерлан Қарин.

Бұл шараларды заңнамалық ресімдеу ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін сапалы инклюзивті білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Заң жобасымен төрт заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі: "білім туралы", "Ерекшелігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы", "Қазақстанда мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" және "Қазақстандағы баланың құқықтары туралы".

Айта кетейік, екі жыл бұрын жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өткізген бес отырыстың қорытындысы бойынша елімізде 17 заң, президенттің үш Жарлығы, Президенттің 18 қаулысы және министрліктердің 29 бұйрығы қабылданды.

Митингтердің хабарламалық сипаты, партиялар құру үшін тіркеу кедергісін төмендету, шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу – бұл Ұлттық кеңестің бастамаларынан кейін қабылданған ең беделді шешімдердің бірі.

Ұлттық Кеңес хатшысы Ерлан Қариннің айтуынша, Ұлттық кеңес елімізде өркениетті азаматтық және саяси мәдениеттің дамуына ықпал етеді.

Ұлттық кеңес – бұл пікірталас үшін құрылған ток-шоу емес. Біз үшін тікелей пікірталастар, ең бастысы, нақты шешімдер маңызды. Ұлттық кеңес қоғамдағы жаңғырту күн тәртібін қолдайды, барлық уақытта бұл күн тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді, деді Қарин.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында көтерген мәселе шешімін тапты. Маусымның соңында мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Мемлекет басшысы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны өсіп келе жатқанын, бірақ мұндай мамандандырылған ұйымдардың жұмыс істеуі бойынша қолданыстағы нормалар ескіргенін атап өтті.