23 қыр, 2020 сағат 10:05

Президент тапсырмасы: Елімізде жыл сайын 372 млн түп тал егіледі

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес Қазақстан аумағында жылына 372 млн түп ағаш отырғызылады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында ел аумағында орман алқабын ұлғайту керектігін айтты. Яғни 2025 жылға дейін Қазақстан бойынша 2 млрд түп ағаш отырғызу міндеті тұр. Бұл дегеніміз 85 мың га жерді құрайды. Бүгінде ел көлеміндегі орман алқабы 6 млн гектарға жетіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, біздің елімізде далалық алқаптар көп, ендігі мақсат - сол бос жерлерді орманға айналдыру», - деді Е. Нысанбаев БАҚ өкілдерімен өткен жиын барысында. 

Оның айтуынша, елімізде ағаш отырғызу процесі әр өңірдің климаттық жағдайына қарай жүргізіледі. 

«Айтар болсақ, солтүстік аймақтарда көбіне аққайың, шырша және қарағай отырғызылатын болса. Оңтүстік аймақтарда терек пен қара ағашқа көп мән беріледі. Сол сияқты оңтүстік және батыс аймақтар сексеуілдің отаны болып есептеледі. Есеп тілімен айтқанда, 2025 жылға дейін 1 га аумаққа 4300 түп ағаш отырғызылмақ. Осы 4300 түп ағашты 85 мың га жер көлеміне көбейтсек, демек жылына 372 млн түп ағаш отырғызамыз деген сөз. Сонда 5 жыл ішінде ел бойынша 1 млрд 860 млн түп ағаш егіледі. Одан бөлек, осы 5 жылдың ішінде бұрын шықпай қалған көшеттердің орнына қайта ағаш отырғызуды қолға алмақпыз. Осының бәрін есептегенде 5 жыл көлемінде Президенттің тапсырмасына сай 2 мрлд түр ағаш отырғызу нормасын орындаймыз деп ойлаймын», - деді ол.