Екі айдың ішінде Үкімет медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеудің жаңа жүйесін ұсынуы керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай міндет қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Коронавирустың таралуы жағдайында өмірге бейімделу керек. Пандемия басталғаннан бері біз вирусқа қарсы күреске қатысқан медицина қызметкерлеріне айтарлықтай жәрдемақы төлейміз. Бұл - уақытша норма, қайталаймын, уақытша норма. Осы мақсаттарға біз 200 млрд теңгеден астам қаражат бағыттадық. Мемлекеттік бюджет қаражаты басқа басымдықтарға – жәрдемақыларға, зейнетақыларға, мемлекеттік қызметтерге және т.б. жұмсалуы тиіс екенін түсіну керек» - деген Мемлекет басшысы дәрігерлердің жұмысы әрдайым белгілі бір кәсіби қауіп-қатермен байланысты екенін еске салды.
Сондай-ақ, Президент вакциналау деңгейінің өсуіне байланысты үстемеақылар эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, қолданыстағы жүйелі қолдау және ынталандыру шараларымен біртіндеп ауыстырылуы керектігін айтты.
«Денсаулық сақтау министрлігі ерекше және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін дәрігерлерді қолдаудың нұсқаларын ұсынды. Атап айтқанда, психикалық-эмоционалды және физикалық белсенділік үшін жұмысшылардың жекелеген санаттарына қосымша төлемдер мен үстемеақылар қарастырылып отыр. Жалақыны біртіндеп арттырумен бірге бұл іс-шаралар медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне негіз болатын еді. Үкіметке екі ай мерзімде бірыңғай шешім әзірлеу тапсырылады. Әзірге, менің білуімше, бірыңғай ұстаным жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
